«Жас экологтар» ашық есік күнін өткізді

3 қараша, 2011

Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына байланысты биология және биотехнология факультетінің молекулалық биология және генетика кафедрасында «Жас эколог» ұйымының ашық есік күні өтті. Ашық есік күніне студенттер үлкен белсенділікпен қатысып өздерінің өнерден кенде емес екендіктерін танытты.


Жаңа технологияның жаңалықтарын жылдам меңгеріп жүрген студенттер арасынан Әбділдә Тастанов «Суреттер сөйлейді» атты бейнеролигін ұсынды. Бұл бейнероликте еліміздің тарихы мен қазіргі Қазақстанның келбеті, экологиялық жағдайы көрсетілді. «Сөйлейтін суреттер» студенттердің көңілінен шықты. Ал, Жансая Даулетжанованың «ҚР экологиясы» атты презентациясы маңызды мәселелерді кеңінен қамтуымен ерекшеленді. Балқаш, Алакөл экология департаментінің Алматы облыстық бөлімі Қапшағай су қоймасында экологиялық рейд жүргізуіне де зерттеу жасап, 2010 жылдан бері жел атласы жобасының Алматы облысында жүзеге асырылып жатқаны туралы хабардар етті. Қазақстан парниктік газдардың шығарылуын 2020 жылға дейін 15%-ға, 2050 жылы 25%-ға кеміту жөніндегі міндеттеме туралы да кеңінен айтып берді. Экологиялық реттеу және бақылау комитеттерінің Ертіс, Нұра, Сарысу, Тобыл, Торғай, Арал, Балқаш, Каспий өзендерінің проблемалын шешудегі жұмыстарына талдау жасады. Мұнда студент Қазақстанның қазіргі экологиялық мәселелерін санап қоюмен ғана шектелмей, оны шешудің жолдарын қарастырған. Сонымен қатар, Әсел Уразова, Арайлым Әскербекова, Айжан Жуасбекова тәуелсіз Қазақстан даму жолы жайында баяндама жасады. Ал, Гүлжанат Танабекованың «Тәуелсіздік таңы» атты өлеңі көрермен көңілін бір серпілтіп тастады.

Ашық есік күні жас экологтардың басын қосып қана қоймай, сонымен қатар тәуелсіздік жастарының ойын еркін ортаға салуға зор мүмкіндік берді.

А.Е.Оразбаев

Ұйым жетекшісі