«Ана тілі аруы» және «Жігіт сұлтаны» - 2011 байқауының ақтық кезеңі өтеді

7 қараша, 2011

7 қараша сағат 18.00-де әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Тәрбие жұмысы жөніндегі департаменттің ұйымдастыруымен Ө.А.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында «Ана тілі аруы» және «Жігіт сұлтаны» - 2011 байқауының ақтық кезеңі өтеді.

«Ана тілі аруы» және «Жігіт сұлтаны» - 2011 байқауының мақсаты: мемлекеттік тілді дамыту; жастардың жеке тұлға ретінде үйлесімді дамуына, рухани және жеке кемелденуіне жәрдемдесу; заманауи қыздар мен жігіттердің шығармашылық және жоғары зияткерлік әлеуетін дамыту; жастардың арасында салауатты өмір салтын, табиғи сұлулықты насихаттау.

Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін «Ана тілі аруы» және «Жігіт сұлтаны» байқауы биыл Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналып отыр.

Байқаудың бірінші кезеңіне әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 700-ге жуық ұл-қызы қатысуға өтініш білдірген. Олардың арасында 90-ы 2-ші кезеңге өтті. Екінші кезеңде қатысушылардың интеллектуалды өресі, өнері, білімі сараланып университетіміздің барлық 13 факультетінен 13 қыз, 13 жігіт 3-ші кезеңге өтті. Осы кезеңдер барысында арулар өз қолдарымен қазақтың ұлттық тағамдарын дайындап, жәрмеңке өткізді. Жиналған ақша қорына жетім балалар үйіне қамқорлық іс-шараларын жүргізді.

Ал жігіттер ұлттық, спорттық байқаулар («асық-ойнау», қол күрес және т.б.) бойынша өнер көрсетті. Жігіттердің тек спорттық қабілеті ғана емес, сондай-ақ қоғамдық, яғни үгіт-насихат жұмысы, адамдармен қарым-қатынасы да бағаланды.

Сонымен қатар ақтық сынға қатысатын 13 қыз және 13 жігіт театрға барды. Қыз жігіттердің мәдени қоғамық өмірдегі әдебі, мінез-құлқы және өзін ұстауы бағаланды. Осылайша бүгінгі өткелі отырған үшінші кезеңге қыз-жігіттер бірнеше сыннан өтті.

Нәтижесінде 7 қарашада өтетін үшінші ақтық кезеңге қатысатын 13 қыз және 13 жігіт 4 номинация бойынша сынға түседі.