Ректорат мәжілісі ректор Ғалым Мұтановтың ҚазҰУ ұжымын Қасиетті Құрбан айт мерекесімен құттықтауынан басталды. Бұл мейрамның Қазақстан халқы ынтмақтастығын арттырудағы маңызы зор. Сондай-ақ, оның бірлігі мен тұтастығы басты басымдық болып есептелетін ҚазҰУ-дың ұжымдық мәдениетін дамытудағы орны ерекше екені сөзсіз.
ҚазҰУ ұжымы мен студенттерін Қасиетті Құрбан айт мерекесімен ректор құттықтағанан кейін Ректорат мәжілісі әдеттегідей білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық жөніндегі келісім-шарттарға қол қою рәсімімен жалғасты. Ғалым Мұтановтың қатысуымен өткен кезекті ынтымақтастық пен ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамытуға арналған үшжақты құжаттарға Түркия Республикасы Гукурова университетінің ректоры Алпен Акиноглуның атынан аталмыш университеттің сот-медицина сараптамасы кафедрасының профессоры Мете Коркут Гюл мен заң факультетінің деканы Дәулет Байделдинов, Республикалық психиатрия, психотерапия және наркология ғылыми-тәжірибелік орталығы бас директоры Сағат Алтынбеков пен философия және саясаттану факультетінің деканы Әлия Масалимова қол қойды.
Бұдан өзге мәжілісте ҚазҰУ ректорының атына «Бөбек» ұлттық ғылыми-тәжірибелік, білім беру және сауықтыру орталығынан келген арнайы хат мәтіні оқылды. Онда теориялық және ядролық физика кафедрасының меңгерушісі Медеу Ержанұлы мен доцент Нұрзада Әбдібекқызына Қазақстан Республикасының 20 жылдығына және Ю.А.Гагариннің ғарышқа ұшқанына 50 жыл толуына арналған мектеп оқушылары арасында өткен Халықаралық астрономиялық олимпиаданы өткізуге қосқан зор еңбектері үшін үлкен алғыс айтылған.
Жуырда Ақпарат және байланыс министрлігі өткізген Қазақстан жоғары оқу орындары студенттерінің арасындағы Бағдарлама жасау республикалық олимпиадасында механика және математика факультетінің студенттері алдыңғы үздік орындарды иеленіп қайтқан болатын. Ректорат мәжілісінде дарынды жастар атаусыз қалмады. Байқауда 1-ші орын иеленген Мансұр Кұтыбаев iPad планшетті компьютерге қол жеткізсе, 2-ші орынды жеңіп алған Тұрар Олжас ноутбукты сыйға алған.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде үздік студенттерге шәкіртақы тағайындау үрдісі дамып келе жатқанын айта кетуіміз керек. Осы ретте әр мәжілісте айтулы стипендиялар өз иесін тауып отыратыны белгілі. Бұл жолы шәкіратқыны студенттерге заң факультетінің кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасы табыс етті. Аталмыш факультеттің 2 курс студенті Айжарқын Батырова, 3 курс студенті Нұрлан Илахунов және 4 курс студенттері Данияр Айтикеев пен Жібек Нұғмановалар заң ғылымдарының докторы, профессор Мұхитдинов Нәжмитдин Баукейұлы атындағы шәкіртақыны иеленсе, 2-курс студенті Шыңғыс Саламат заң ғылымдарының кандидаты, доцент Жұмаділов Бақытжан Ағаділұлы атындағы шәкіртақыға лайықталды.
Түрлі жаңалықтар мен игі шаралардан кейін кезек күн тәртібіндегі мәселелерге берілді. Мұнда университеттің ағымдағы оқу жылына арналған жұмыс жоспарын бекіту туралы Оқу жұмысы жөніндегі проректор Гүлнәр Балақаева баяндады. Онда университеттің 2011-2012 жылдарға арналған оқу-әдістемелік жұмысы, ғылыми-зерттеу және инновациялық жұмысы, әлеуметтік даму, қаржы-өндірістік және материалдық-техникалық қамтамасыз ету бағыттары айтылды. Баяндама барысында инновациялық жобаларды дамыту, мемлекеттік тілдегі оқулықтар санын арттыру талабы жүктелді. Түлектердің жұмысқа орналасуын және насихат жұмыстарын арттыру міндеттелді. Халықаралық ынтымақтастықты кеңейтіп, әлемдік деңгейде ғылым өрісін өсіру баса айтылды. Бұл орайда алда университеттің әр факультетінде Түлектер қауымдастығы құрылатындығы жеткізілді. Сондай-ақ, факультеттерде ұлттық зерттеу университеті бағытында жұмыс істейтін арнайы орталықтар құру санын ұлғайту да сөз болды. Бұл салада сәтті жұмыс атқарып жатқан Халықаралық қатынастар факультетінің ғылыми орталықтарының қызметі таныстырылды. Бұл туралы Еуропалық ақпарат орталығының директоры Құралай Ертісқызы жан-жақты кеңейтілген түрде баяндап берді. Ал Американдық және демократиялық зерттеулердің ресурстық орталығы жөнінде директоры Фатима Тұрарқызы толықтай ақпараттандырды.
Даму мен жаңғырудың түрлі жобалары қарастырылған мәжілісте ректор Ғалым Мұтанов: «Тың иедеялар дүниеге келіп, сол жобалардың жүзеге асуын қадағалау қажет. Жобаларға қолдау үлкен. ҚазҰУ-дың ұлттық зерттеу университеті айналу жолында нақты істер мен сол атаққа сай қызметтер атқарылуы тиіс», - деп оқытушы-профессорлар құрамына үлкен міндеттер жүктеді. Филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің оқытушысы, филология ғылымдарының докторы, профессор Әнуар Тарақ: «Жобаларды жүзеге асыру үшін идея көп. Соның бірі факультетімізде жүзеге асырғалы отырған синхронды аударма жұмысы. Осы бағытты дамыту үшін жеке бөлме керек. Сондай-ақ, факультеттер арасындағы өзара байланысты дамытуды жетілдіре түсу қажет деп есептеймін», - деген ойын ортаға салды. Осы секілді көптеген идеялар Ректорат мүшелері тарапынан айтылды. Олардың бастамаларына ризашылығын білдірген ректор Ғалым Мұтанов сүбелі жобалардың жүзеге асуына толық қолдау танытатындығын, синхронды аударманы дамыту үшін жеке бөлме беру өз шешімін тапты деп есептеуге болатындығын жеткізді. Бұл өз кезегінде қасиетті қара шаңырақ ғалымдарының игі идеяларының жерде қалмайтын дәлелдегендей.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі