“Қазақ телевизиясы» атты энциклопедиялық кітап жарық көрді
8 қарашада әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінде “Қазақ телевизиясы» атты энциклопедиялық кітап жарық көрді. Кітап жобасының жетекшісі әрі авторы айталмыш оқу орнының мерзімді баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымының докторы, профессор, Халықаралық телевизия және радио Академиясының корреспондент мүшесі Құдайберген Тұрсын. Энциклопедиялық кітап екі томды қамтыған. Онда алфавиттік тізіммен қазақ телевизиясында маңдай тері, табан ізі, қолтаңбасы қалған ардақтылардың есімдері, еңбектері жазылған.
Тұсаукесер рәсіміне қазақ баспасөзінің ардагерлері Ғұсман Игісін, Сәлімгерей Сұлтанғалиев, Сайраш Әбішқызы, Ләскер Сейітов, Сауық Жақанова, журналистер Нұртілеу Иманғалиұлы, Қалыбек Атжан, Марат Тоқашбаев, Абай Баймолда, Валерий Жандәулетов, сондай-ақ, С.Демирел атындағы Халықаралық университеттің проректоры Дандай Ысқақов және журналистика факультетінің оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттері қатысты. «1958 жылдан басталған, отандық телевизияда кәсіби тележурналистер мен телекомментаторлар, режиссерлер, операторлар мен дыбыс режиссерлері, жарық қоюшылар, бейнеинженерлер, дизайнерлер мен продюсерлер жұмыс істеді. 1970-1990 жылдар аралығында Қазақ ССР Мемтелерадио комитетінің жүйесінде ғана 7 мыңға жуық адам қызмет атқарды. Осылардың әрбірі марапат пен атаққа лайық адамдар болатын. Алайда көпшілігі қазіргі кезең ағынымен көзден таса қалды. Сондықтан, кітапты шығарудағы мақсат – отандық телевизияда қызмет істеген, істеп жүрген әріптестеріміздің еңбегіне бас ию», -дейді кітап авторы Құдайберген Тұрсын.
Бұған дейін мұндай кітапты АҚШ, Британия, Канада және Австралия елдерінің ғалымдары бірігіп 1999 жылы шығарған еді. Ал бұл бастама ТМД елдері бойынша біздің елде бірінші көрініс тапты.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі