Жас таланттар

9 қараша, 2011

Журналистика факультетінің 101 тобында орыс тілі пәнінің оқытушысы Әмірова Жанар Рақышқызының ұйымдастыруымен, осы топтың ең таланты, белсенді студенттері «Алтын күз» атты мерекелік бағдарлама қойды. Осы кеште олар өздерінің тек қана интеллектуалды жастар ғана емес, сан қырлы, өнерлі студенттер екенін де дәлелдеді.

Сахна шымылдығын осы концертті ұйымдастырушыларының бірі Арайлым Әкім жан тебірентерлік монологымен ашты. Одан әрі тобымыздың жас әншілері Еңлік Бектұрғанова пен Мәулен Әнербаеваның әсем әндері жалғасын тапты. «Жігітке жеті өнер де аз» демекші Мәулен гитарада да өнер көрсетті. Домбыраның құлағында ойнайтын Бақытбек Орынбасар «Кеңес» күйін тартуымен қатар, ұстаздарға өлең арнап, суырыпсалма ақындығын танытты. Шетелден келген студенттеріміз Хугиянин Рахимолла мен Саид Самим және болашақ ақын Алмасбек ­­­­Қуанәлі орыс, қазақ, пушту тілдерінде әсем жырларын оқып, көрермендер жүрегіне жол таба білді.

Журналистер - әмбебап халық. Тіпті өнердің кез - келген жанрында да олар жоғары деңгейде өз қабілеттерін таныта алады. Есенбаева Қарашаш пен Бектұрғанова Еңлік күзгі өнімдермен нағыз күз мезгілінің бейнесін көрсетерлік экибана жасады. Көрермендерді ерекше тәнті еткен Самим өз ана тілінде ән салып қана қоймай, тобымыздың биші қызы Асанбек Гауһармен ұлттық биіміз «Қара жорғаны» биледі. Кеш сәнін ашқан Әбітай Ақсәуленің ой – қиялынан туған әсем көйлегі мен мәнеріне келтіріле оқылған Тютчевтің күз туралы өлеңі көрермендер есінде қалды. Ал мерекелік бағдарламаны факультетіміздің үздік те белсенді студенттері Әріпбаев Айдос пен Айтқалиева Аягөз жүргізді.

Кеш соңы журналистика факультетінің оқу ісі жөніндегі орынбасары Құралбаева Алмагүл Әлиқызының және орыс тілі пәнінің оқытушысы Эльмира Радиковна Когайдың жылы лебіздеріне жалғасты.

Бұл мерекелік бағдарламада студенттер өз қабілеттерін танытып, кеш қонақтарына керемет көңіл - күй сыйлады. Осылайша жылдың мұңды мезгілі де көңілді әсер қалдыратынын көрсетті.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі