Корейтану апталығы өтті

11 қараша, 2011

Шығыстану факультетінің Корейтану және жапонтану кафедрасы Алматыдағы корей орталығы мен Қазақстандық Корей ассоциациясы бірлесе отырып «Корейтану апталығын» өткізді. Бұл апталықтың мақсаты – Қазақстанда Корея мемлекетін таныстыру, корей тілін үйрену ынтасын арттыру, Қазақстандағы корей ұйымдарымен халықаралық байланысты орнату. «Шинхан банк Қазақстан» АҚ демеушілік қолдау көрсетті.


Корей апталығы кезінде корей және жапонтану кафедрасында корей тілінде шешендік өнер сайысы өтті. Бұл сайысқа 2, 3, 4-курс студенттері белсенді түрде атсалысты. Шешендік өнер сайысына қатысқан студенттер корей тілінде әртүрлі тақырыпта ой толғады. Мысалы, мемлекеттер достастығы, отбасы, хобби т.б. Сайыстың нәтижесінде 1-ші орынды шетел филологиясы мамандығы бойынша қазақ бөлімінің 2-курс студенті Айнұр Сүндетова «Достық» тақырыбымен жеңіп алды. Сайысқа Корей елінен келген оқытушылар Чан Бенг Сун, Мионг Сунок, Чжи Сын Хи төрелік етті. Корей апталығы барысында кафедрамызда өткен тағы бір қызықты сайыстың түрі «Өзіне өзі режиссер» деген атпен өтті. Бұл сайыста кафедрамыздың студенттері бір ай бойына әртүрлі тақырыптарда түсірген киноларын сынға салды. Мысалы, мынадай жанрдағы жобалар көрермен сайысқа қатысты: романтикалық кино, экшен, комедия, трагедия т.б. Бұл сайысқа қатысушылар «Бас жүлде Үздік фильм», «Үздік актер», «Үздік режиссер», «Үздік сценарий», «Үздік киім» номинациясы бойынша марапатталды. «Казкор интертеймент» командасы «Чосоннан келген қыз» атты комедиясымен бас жүлдені жеңіп алды.

Сондай-ақ, Корей апталығының соңғы сайысы қазан айының жиырма жетінші жұлдызында «Ең дәмді кимпап» деген атпен өтті. Кафедра студенттері төрт адамнан құралған топтарға бөлініп, корей ұлттық тағамы «кимпап» жасаудан сайысқа қатысты. Қазылар алқасы сайысқа қатысушы топтардың жасаған кимпабының дәміне ғана мән беріп қоймай, оның сыртқы пішініне де аса назар аударады. Бұл сайыстың нәтижесі бойынша «Ең дәмді кимпап» және «креативті» номинациясы бойынша «Ким гёл» командасы, «Үздік безендіру» және «Команданың ерекше атауы» номинациялары бойынша «WGB» командалары жеңіске жетті. Қалған командалар мақтау грамоталарымен марапатталды. Соңғы сайыста «Атақ минутасы» аяқтады. Студенттер сайыс барасында ән шырқау және актерлік қабілетін көрсетті. Байқаудың соңғы күні демеуші болған Шинхан оңтүстік корей компаниясы түрлі номинациялардағы жеңімпаздарға бағалы сыйлықтармен, сондай-ақ, корей бөлімінің 10 студентіне атаулы шәкіртақы сертификаттарымен марапаттады.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі