Өндіріс жағдайында еңбек қауіпсіздігін жақсарту
11 қарашада әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің химия және химиялық технология факультетінде «Теңізшевройл» компаниясы мен «Тіршілік әрекетінің қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау» мамандығының студенттері, магистранттары және оқытушылары бірігіп «Өндіріс жағдайында еңбек қауіпсіздігін жақсарту» атты арнайы дөңгелек үстел ұйымдастырды.
Дөңгелек үстелдің мақсаты болашақ мамандардың және оқытушылардың халықаралық және ұлттық компанияларда өндірістік тәжірибеден өтуі және өндіріс жағдайында еңбек қауіпсіздігін жақсарту жолдарымен танысу. Дөңгелек үстелде «Теңізшевройл» компаниясы техника қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау бөлімінің маманы Гүлбахрам Бүкенқызы Жаулина «Теңізшевройл» компаниясы және Еңбекті қорғау бөлімінің жұмысы жөнінде презентация жасады. Өндірісті жетілдіру және құқықтық нормативтер бөлімінің бас кеңесшісі Сейтаев Жеңіс Сейтжапарұлы қазіргі таңда барлық өндіріс орындарында еңбек қауіпсіздігі бойынша іс-шаралардың күшейтіліп жатқанын, бұл өз кезегінде білікті мамандарды жұмысқа тартумен жүзеге асатынын, ол үшін теориялық білім беру мен өндіріске маман дайындаудың сәйкестігін жүзеге асыру керектігін атап өтті. Техника қауіпсіздігі және нормативке сәйкестендіру саласындағы біліктілікті жетілдіру тобының жетекшісі Шалқаров Ержан Ихсанұлы сабақ үлгерімі GPA3,5-тен кем емес студенттер «Теңізшевройл» компаниясында өндірістік тәжірибеден өтуге мүмкіндіктері бар екенін ескертті. Ал мамандық студенттерін дайындау бағытымен, теориялық және тәжірибелік білім берудің мүмкіндіктерімен доцент Н.С.Бергенева таныстырды. Зерттеу жұмыстарын ұсынған мамандық студенттері Гауһар Шахатова мен Айгерим Шурина Қазақстан Республикасы өнеркәсіптеріндегі кәсіби аурулар мен өндірістік жарақаттардың болу себептеріне зерттеу жасау нәтижелері бойынша баяндамалар жасап, өндірістегі еңбек қорғауды жетілдіру туралы өз ұсыныстарын ортаға салды. «Дөңгелек үстел нәтижесінде«Теңізшевройл» компаниясы өкілдері мен химия факультетінің арасында өндірістік тәжірибеге «Тіршілік қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау» мамандығы студенттерін жіберу және кәсіби біліктілігін көтеру үшін мамандық оқытушыларын компаниядағы арнайы курстардан өткізу туралы ортақ келісімге келді», - дейді факультет оқытушысы Азат Сейтхан.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі