Ректор Ғалым Мұтанов бастаған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ делегациясы АҚШ зерттеу университеттерінің қызметтерімен танысады

14 қараша, 2011

Сапардың басты мақсаты ғылым, білім кеңістігінде халықаралық әріптестіктің өрісін кеңейту, екі жақты зерттеу және инновациялық жобаларды жүзеге асыруда америкалық университеттермен серіктестік қарым-қатынасты орнату. 10 қарашада басталған сапар 18 қарашаға дейін жалғасады.

Шекара сыртындағы іс-сапарда ҚазҰУ өкілдері Даремдағы Нью-Гэмпшир университетін, Берклидегі Калифорния университетін, Пало-Альтодағы Сан-Франциско, Стэнфорд университеттері сияқтыәлемдік беделге ие жетекші америкалық университеттерді аралайды. Сонымен бірге, компьютер жасау және өндіру жұмыстарымен айналысатын, биотехнологиямен, мобильдік байланыспен және бағдарламалық қамтамасыз ететін атақты «Силиконовая долина» жоғарытехнологиялық компанияға бару жоспарланып отыр.

Ғылым және бизнес әріптестігі, инновацияны енгізу тақырыптары Google Inc, HP, Cisco, Chevron Energy Solutions және тағы басқа танымал ірі корпорациялардың өкілдерімен кездесу барысында талқыланатын басымдылық болады.

Сапар барысында ҚазҰУ ректоры Ғ.Мұтанов АҚШ-тағы Қазақстан Елшісі Ерлан Ыдырысовпен, ЮНЕСКО-ның Нью-Йорктағы байланыс бюросының директоры Филлип Криделькомен кездеседі, ғалымдар және студенттер алдында дәріс оқиды, сондай-ақ, бағдарлама аясында Вашингтондағы шынайы тарих Ұлттық мұражайына, АҚШ Конгресс кітапханасына барады деп жоспарлануда.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі