«Мақсатым – тіл ұстартып, өнер шашпақ»
15 қарашада Философия және саясаттану факультеті дінтану және мәдениеттану кафедрасының куратор-эдвайзерлары Г.Ә.Сәрсенбекова, К.Бияздыкова мәдениеттанушымамандығында оқып жатқан 3-курс студенттері арасында «Мақсатым – тіл ұстартып, өнер шашпақ» атты ашық тәрбие сағатын өткізді.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған ашық тәрбие сағаты «Менің елім» композициясымен басталып, әртүрлі ұлттық костюмдермен сахнаға шыққан 28 студент Тәуелсіз Қазақстанның жетістіктерімен мақтанды. Тәуелсіздіктің арқасында қанатын кеңге жайып жатқан ана тіліне «Ана тілім-ардағым» атты композицияны арнады. Студенттер ұлттық қасиеттеріміз бен құндылықтарымызды, Абайдың қара сөздерін, өлеңдерін, әндерін нақышына келтіре орындау арқылы қатар жүріп отырған видеослайдтармен жеткізе білді. «Болмасаң да ұқсап бақ» атты композицияда топ студенттері өз шығармашылықтарымен бөлісті. Көрермендермен байланыс та ұтымды ойластырылды. Көрермендер де Абай өлеңдерін, аворлық өлеңдерін оқып белсенділігі үшін кітаптармен марапатталды.
Сонымен қатар 3-курстағы мәдениеттанушы студенттер бастамасымен алғаш рет құрылған мәдениеттанушылар клубының тұсауы кесілді.
Ашық тәрбие сағатына факультет деканы, профессор Ә. Р.Масалимова бастаған факультет басшылары, факультет ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Ж. Молдабеков, аға буын ұстаздар, кафедраның оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттері қатысты.
Әлемге рухы биік, намысы берік халық ретінде жариялаған тәуеліздігіміздің 20 жылдығына арналған тәрбие сағаты топ студенттерінің орындауында «Жаса, Қазақстан» әнімен аяқталды. Соңында тәрбие сағатына қатысқандар естелік суретке түсті.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі