Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Исраил Сапарбайға «Махаббат шайыры» атағын берді

17 қараша, 2011

поэзия тарланы, қазақтың бiртуар ақыны Исраил Сапарбаймен кездесу өтті. «Махаббат – мәңгі ертегі» атты жыр кешін қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының меңгерушісі филология ғылымдарының докторы, профессор Өмірхан Әбдіманұлы ақынның 70 жылдық мерейтойына арналған жылы лебізбен ашып, иығына шапан жапты. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Тәрбие жұмысы және тілдерді дамыту жөніндегі департаментінің директоры Гүлнар Әлібекқызы Исраил Сапарбайды қара шаңырақ басшылығы мен ұжымы атынан мерейтойымен құттықтап естелік сыйлықтарын табыс етті. Одан кейін поэзия тарланы кездесуге келген жыр сүйер қауымға өлең оқып, ризашылығын білдірді.

Поэзия тарланымен кездесуге сондай-ақ, филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің, журналистика факультетінің сондай-ақ, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық Өнер академиясының оқытушылары мен студенттері және арнайы құттықтау үшін ҚР Парламенті Мәжілісі аппаратының Баспасөз қызметінің бас маманы Сәуле Досжанова арнайы келді. Ақынмен кездесу барысында өнерге таласы бар әрбір жас өз шығармашылығынан жыр оқып, жас таланттар жас тұлпар өлеңдерінің тұсауын кесті. Арнайы жыр мүшәйрасы ұйымдастырылып, бірінен бірі оза шапқан студент жастар драматург, тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының иегері, халықаралық және республикалық жыр мүшайраларының жеңімпазы, ақын-сазгерге өз шығармашылығын танытып, баға алуға асықты. Оқылған өлең де, сытылып алға шыққан жас та қалың болды. Оқылған жырдан ләззат алған ақын ризашылығын жасырып қала алмады. «Қара шаңырақты аттап кіргеннен алақанға салып аялап отырсыздар. Өте қуаныштымын. Жалпы мен өзімді аға буын ақындардан қалған аманаттай сезінемін. Бұл жыл әдебиет үшін орны толмас ауыр жыл болды. Кеше ғана өмірден Тұмағаң, Қадыр аға кетті. Ойланып отырсақ жетпіске жеткен біздердің алдымызда аға өкіл азайды. Сол үшін біз 70жасты мойындауымыз керек. Жауапты аманатты сезіну деген осы деп білемін. Пайғамбарымыз да бір сөзінде: «менен кейін пайғамбар келмейді, ақындар келеді» деген ғой. Міне, соның айғағы бүгінгі кеш болып отыр. Мен өте байып отырмын, яғни әдебиетке, жырға, поэзияға, өлеңге құмар жастарды, бойжеткендер мен бозбалаларды көріп марқайып отырмын», - деп кездесу аясында ұйымдастырылған мүшәйраны қортындылады. Ақын жас ақындарды бөліп-жара қарауға болмайтынын, бәрі бірдей «сен тұр, мен атайын» деп тұрған талантты жастар екендігін тілге тиек етті. Өз шығармашылығынан өлең оқыған студенттерге марапат дипломын табыс етіп, авторлық кітабын сыйға ұсынды. Ақындар легінің молайып келе жатқандығына көңілі марқайып, алда қазақтың қара өлеңі мектебін дамытып, құру керектігін жеткізді. Мұндай орталық құрылып жатса, поэзияның жас өкілдеріне қызмет етуге дайын екендігін жасырмады. Сондай-ақ, Исраил поэзия – бір нәзік сырлы сезім екендігін айтып өзінің көкейінде жүрген мына бір мәселемен бөлісті: «Поэзия – адам жанын жұмсартады, нәзіктік, мейірім шуағын сқұяды. Осы кезекте мен өкінетін бір тұс бар ол, поэзиямен емдеу сеансын дамыту керек еді деп ойлаймын. Себебі, өлеңде, жырда адам жанын қаталдықтан, қаттылықтан емдейтін күш бар. Өлең – адамның жүрегін жұмсартады. Осы бағытта поэзиямен емдеу сеансын дүниеге әкелу керек еді», - дейді.

Бұл сөздің жаны бар екендігін осы кештің көрермендерінің жүзі дәлелдеп тұрғандай. Кеш әсерінен, келген қауымның жүздері бал-бұл жанып, көздері күлім қағады. Қоғамның қауырт жұмыстарынан бір сәт болса да сергіп, жүрегіне нәзіктік сәулесін септі. Осы орайда профессор Өмірхан Әбдіманұлы: «Бүгін рухани түлейтін күн. Бүгін өнері, қайраты, шығармашылығы ұштасқан қайраткерімізбен кездестік. Өлеңге жаны құмар жастарымыз батасын алып, өлеңінің тұсауын кесті», - дей келе алда Әуезов атындағы бірлестік сияқты жұмыстар жастар поэзиясына қарай ығысар деген үмітін айтты.

Кеш соңында ұйымдастырушы «Әдеби жүздесулер» клубының жетекшісі Сәлима Қалқабаева жастардың талантын таразылай келген, өз бата-тілегін жеткізе келген Исраил Сапарбайға алғысын жеткізды. Ол шығармашылығын, өлең-жырларын оқи отырып, поэзияны зерделей отырып ақынның махаббат жырларына көп қалам тербегендігін айтып, сыршыл, лирик ақын Исраил Сапарбайға «Махаббат шайыры» атағын табыс етті.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі