Мұстафа Шоқай – түркі әлемінің алыбы

21 қараша, 2011

ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай Тәрбие жұмысы жөніндегі департаменттің ұйымдастыруымен факультеттердегі клубтар мен үйірмелерде «Қазақ халқының біртуар тұлғаларына» арналған шаралар өткізілуде. Осыған орай, жақында халықаралық қатынастар факультетінің «Тура Би» ғылыми шешендік өнер клубы «Мұстафа Шоқай – түркі әлемінің алыбы» атты зияткерлік сұхбат өткізді.

Бұл жиынды ұйымдастыруға қатысқан және ат салысқан, кафедра меңгерушісі Байтоқаева А.Ш. және оқытушылар: Бөрібаева С., Омарова М., Смағұлова Г., Құлжанова Б., «Тура Би» шешендік өнер клубының жетекшісі Ақбұзауова Б., х/құқық –12, 18 орыс топтары, аймақтану, х/қ‑11 топтарының студенттері және клуб мүшелері.

Зияткерлік сұхбатта студенттер А.Байжігітова, А.Ержанова, А.Жөкенова Мұстафа Шоқайдың өмірбаяны, саяси қызметке араласуы, Думадағы мұсылман фракциясындағы хатшылық қызметі жайлы айтып өтсе, Өміржанова С., Мұстафаның інісі жазған хатын оқып, Зияданова Айдана Мұстафаның эммиграциядағы қызметі жайлы жан‑жақты қызғылықты ақпарат ортаға салды. Азат Түркістан мемлекетін құруды мұрат еткен Мұстафа Шоқай сынды алаш ардагері туралы айтылған ойларды 2‑курс студенті Мелдеханов Дәулет өзінше қорытындылады.

Мәжіліс «Мұстафа Шоқай» атты фильмді көрумен қатар жүріп отырды. «Түркінің ұлы алыбы Мұстафа Шоқайға 125 жыл» деп жазылған портреттік биллборд, қабырға газеті бұл жиының мәртебесін арттыра түсті.

Жиын соңында доцент М. Омарова, кафедра меңгерушісінің орынбасары С. Бөрібаева, ректораттың тәрбие бөлімінің қызметкері Канафьева Ш.Е. Мұстафа Шоқай жайлы ойларын ортаға салды.

Жиын өзінің алдына қойған мақсаты – түркі әлемін біріктіруді мақсат еткен, сол жолда саналы өмірін сарп еткен, тағдыры жұмбақ, халқымыздың бірегей ұлы Мұстафа Шоқайды жастарға танытуда жасалған маңызды бір қадам деп бағаласақ артық болмас.

«Тура Би» шешендік өнер клубы