Оразалы Сәбденнің «Экономика» көп томдығының тұсауы кесілді
22 қарашада әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде белгілі ғалым-экономист, академик, қоғам қайраткері, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, БжҒМ Ғылым комитеті Экономика институтының директоры, Қазақстан Ғалымдар одағының президенті Оразалы Сәбденнің Қазақстан Республикасының 20 жылдық тәуелсіздігіне орай 21 томдық «Экономика» таңдамалы еңбегінің тұсаукесер рәсімі өтті.
Көп томдықта Қазақстан Тәуелсіздігі қалыптасуының алғашқы қиын жылдарынан бастап экономиканың маңызды табыстарға жеткен күндері қарастырылған. Кітап болашақтағы экономиканың негізін құру, жаңа технологиялар, идеялар мен тәсілдерді қолдану, инновациялық даму және бәсекеге қабілеттілікті көтеру, өндірісті модернизациялау және диверсификациялау сияқты мазмұнды қамтыған. Сондай-ақ, қазақ және орыс тілінде жарық көрген кітапқа фундаменталды монографиялар, оқулықтар, мақалалар жинағы, сонымен қатар еліміздің Президентіне, Қазақстан Үкіметіне және Парламентіне жазылған хаттар енген. Тұсаукесер барысында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов: «Белгілі қоғам қайраткері Оразалы Сәбденнің «Экономика» көп томдығы – көп жылғы жинақталған, жүйеленген еңбектердің жемісі. Жас ғалымдарға, магистранттарға, докторанттарға және экономисттер үшін таптырмас құнды дүние. Мұнда ел тәуелсіздігінің қалыптасуы, өркендеуі кеңінен қарастырылған», - деген пікірімен бөлісті. Ал Оразалы Сәбден: «21 томдық Қазақстан қандай ел, болашағы қандай, қандай өзгерістер болады және жаһандық үдерістерге қалай жауап беру керек деген сұрақтарға жауап береді. Ел алға жылжу үшін күн көріс жағдайы, тұрғын үй мәселесі, еңбек төлемақысы сияқты жағдайларды онтайландыруымыз қажет. Осы тақырыптар кітап мазмұнын ашады. Өнімді өзіміз өндірмей, өспейміз. Міне, болашаққа арналған экономикалық даму сатылары осы томдықтарда нақты көрсетілген», - дейді. Сондай-ақ автор экономист-ғалым мемлекеттік деңгейде 3 аудит құрылу қажеттігін алға тартты. Олар, біріншіден, мемлекеттік шығындармен жұмыс, екіншіден, технологиялық деңгейлерді саралау болса, үшіншіден, рухани дүниелерді жаңғырту жұмыстарымен айналысу керек деген ой қозғады. Міне, осы мазмұндағы тақырыптардың барлығы бүгін жарық көрген «Экономика» еңбегінде орын алғын. Ғалымның авторлығымен бөлісе келген экономистер де өз ойларын жеткізді. Академик Аманжол Қошанов: «Көп томдық – экономикалық дамудың ғылыми негізі, ғылыми болжамы және экономикалық өсуге нақты тікелей құрал деп бағалаймын. Жаңа кезеңде Қазақстан қандай құралмен жауап беру керек деген мәселелерді қамтуымен маңызды», десе ҚР ҰҒА академигі, ҚазҰУ профессоры Сағындық Сатыбалдин: «Елдің болашағына арналған үлкен еңбек. Қазақстан қайда бара жатыр, болашақ қандай болады, еліміз өсіп-өркендеудің қандай дәрежесінде деген сауалдар толық қамтылған», - деген баға берді. Тұсаукесерге келген болашақ экономист студенттер көкейлеріндегі сауалдарын жолдап, тұщымды жауап алды. Осы кезекте әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Экономика және бизнес жоғары мектебінің деканы Баян Ермекбаева: «Бұл «Экономика» таңдамалы көп томдық еңбегі студенттерге, жас мамандар мен докторанттарға, жас ғалымдарға кәсіби және ғылыми бағыт-бағдар болатын құнды еңбек», - деген пікір білдіріп, Тәуелсіз Қазақстанның әр азаматы үшін қалыптасу мен даму жолдарын бағамдайтын бағдаршам деген деген ой айтты.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі