- Басты бет
- Жаңалықтар
- «Ислам діні нәсілдік кемсітудің барлық түріне қарсы» атты дөңгелек үстел мәжілісі өтеді
«Ислам діні нәсілдік кемсітудің барлық түріне қарсы» атты дөңгелек үстел мәжілісі өтеді
24 қараша сағат 11.00-де әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Философия және саясаттану факультетінің оқу ғимаратында (412 аудитория) «Ислам діні нәсілдік кемсітудің барлық түріне қарсы» атты дөңгелек үстел мәжілісі өтеді.
Қазақстан Республикасы – Біріккен Ұлттар Ұйымының Нәсілдік кемсітудің барлық нысандарын жою туралы халықаралық Конвенциясына қол қойған мемлекеттердің бірі. Осы орайда Қазақстан жүйелі түрде БҰҰ сессиясында еліміздегі аталған мәселеге қатысты жүзеге асып жатқан іс-шаралар жөнінде есеп беріп отырады. Қазақстан Республикасының есебіне БҰҰ-ның Нәсілдік кемсітуді жою жөніндегі Комитеті оң бағасын беріп, ұйым сарапшылары Қазақстанда әртүрлі этностық топтар мен конфессиялардың бейбіт жағдайда қатар өмір сүруіне қажетті жағдайлардың жасалғанына ризашылығын білдіріп келеді. Нәсілдік кемсітуді жою жөніндегі БҰҰ Комитеті Қазақстанның есебін қарау нәтижесі бойынша әзірлеген өзге де ұсыныстарын Қазақстан Республикасының Үкіметі де кезең-кезеңімен жүзеге асырып келеді.
Алайда, мұныменен барлық мәселе шешіліп отыр деуге болмайды. Жаһандану жағдайында нәсілдік кемсітудің кейбір қырлары басқаша көрініс беріп отырғаны да жасырын емес. Сондықтан, бұл мәселені түрлі этностық топтар мен конфессиялар көп шоғырланған, ұлтаралық қатынасы мен татулығы жарасқан Қазақстан үшін әрдайым зерделеп-зерттеп, басты басымдық ретінде ұстау көкейтесті болып қала бермек. Осы келелі мәселелер Алматы қалалық ішкі саясат басқармасының қолдауымен Ұлттық журналистік зерттеу орталығы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Философия және саясаттану факультетінің «әл-Фараби» ғылыми-зерттеу орталығы мен «Дінтанулық зерттеулер және экспертиза» орталығы ұйымдастырып отырған «Ислам діні нәсілдік кемсітудің барлық түріне қарсы» атты дөңгелек үстел мәжілісінде жан-жақты талқыланбақ. Бас қосуға елімізге танымал саясаткерлер, қоғам қайраткерлері және әртүрлі дін өкілдері қатысады деп күтілуде.
Іс-шараның өтетін орны: әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Философия және саясаттану факультетінің оқу ғимараты;
Күні: 24 қараша;
Басталуы: 11:00;
Мекен-жайы: Амангелді көшесі, 61А, 412 аудитория
Қосымша байланыс телефондары:
8(727) 267-43-73, 267-43-83 ішкі 112,
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі