ДӘСТҮРГЕ АЙНАЛҒАН «ТҮРКІ ЖАЗУЫ МЕЙРАМЫ» БИЫЛ ДА ЖАЛҒАСЫН ТАПТЫ
Университетімізде 24 қараша күні филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультеті тіл білімі және шетел филологиясы кафедрасының ұжымы мен «Түркі филологиясына кіріспе», «Түркітануға кіріспе» пәнінен дәріс оқитын филология ғылымдарының кандидаты, доцент С.Б.Бектемірованың жетекшілігімен ұйымдастырылған ХІХ «Түркі жазуы мейрамы» өз деңгейінде аталып өтілді.
Дәстүрінің жалғасын тапқан «Түркі жазуы мейрамы» жылдағыдан өзгеше. Тұғыры биік Тәуелсіздіктің 20 жылдығы мен барша түркі халықтарын бір арнаға тоғыстырған айтулы мерекеге 19 жыл. Аталмыш іс-шараның ашылуы белгілі түркітанушы ғалымдар А.С.Аманжолов «Көне түркі жазуының тарихы мен теориясы» еңбегі мен ҚӨмірәлиевтің «Көне түркі әдеби ескерткіштері туралы зерттеулер» атты жаңадан жарық көрген кітаптарының тұсаукесерімен басталды.
«Түркі жазуы мейрамының» биылғы дайындығы да өтілуі де ерекшелігімен көтеріңкі көңілімізге мерекелік шаттық ұялата алды. Қазақ тілі мен қазақ әдебиеті, Қазақ филологиясы мамандығы бойынша білім алатын 2-курс студенттері «Түркі филологиясына кіріспе», «Түркітануға кіріспе» пәнін оқиды. Аталған пәннен студенттер түркі халықтарының тілін, әдебиетін, мәдениетін, тарихын, салт-дәстүрін меңгеріп, өздерінің түпкі ата тілінің қасиетіне тереңнен бойлап, біршама ой-өрістерін кеңейткендігі көрініп-ақ тұр! Нәтижесі де қуанарлықтай! «Шаңырақ» тобы мен «Көкбөрі » тобы үшін ізденімпаздық пен табандылықтарын айқын көрсеткен дүбірлі дода болды. Сайыс түрінде өткен «Түркі жазуы мейрамының» бұл жолғы өтілімі бірнеше турдан тұрды. Бірі білімділігімен көрініп жатса, бірі өнерін ортаға салды. Әуелеген ән де шырқалып, кумбірлеген күй де көкке жетті. Мерекенің қызған шағында қатысушылар әр ұлттың биін мәнімен, мақамымен тамаша орындай білгендігімен көрермен көңілінен шығып жатты. Театрландырылған көріністер заманадан сыр шертіп көне түркінің әлеміне апарғандай әсер қалдырғаны көпке аян. 10 турлық кезең бойынша бақ сынаған қатысушылар өздерін барлық қырынан көрсете алды.Түбі бір түркі түгел бас қосқан бұл мерекеге сарапшы, төреші болып әділ бағасын берген Әлеуметтік істер жөніндегі департамент қызмектері Қанафьева Шынар, Филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультеті деканының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Есімова Жұлдыз, Жалпы тіл білімі және шетел филологиясы кафедрасына Түркиядан келген түрік тілінің оқытушысы Эрсин Гюзель, Құлмат Өмірәлиевтің қызы профессор Ибраева Жанар Құлматқызы, доцент Мәмбетова Мәншүк Құдайбергенқызы, Славакиядан келген Гадусова Зденко сынды ғалым апайларымыз бен ағайларымыз кеш соңында өз ойлары мен алған әсерлерімен бөлісті. Сайыста бірін-бірі баса озып, қалыспаған екі топтың жинаған ұпайлары таразының басына салынды. Нәтижесінде «Көкбөрі» тобы І орынды, «Шаңырақ» тобы ІІ орынды иеленіп бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Сара жолды жалғастырған саңылақтардың сайысын жүргізген жүргізушілер бір кездердері өздері «Түркі жазуы мейрамының қатысушылары» Мейрамбек пен Мөлдір де кейінгі толқынның талабына тәнті болды.
Өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанған бүгінгі бейбіт әрі тәуелсіз Қазақ елінің төрткүл дүниені өзінің назарына аударған шақта, түбі бір түркілердің бірлігі туыс емес өзге ұлттардың қызығып та, қызғана қарайтындығына куәсі болып отырмыз. Баршамыз асыға күткен «Түркі жазуы мейрамы» арысы әлемде тойланса, берісі еліміздегі белсенді жоғары оқу орны саналатын қарашаңырағымыз әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің қасиетті М.Әуезов дәрісханасында аталып өтілді. Ұрпақтар сабақтастығының жалғасындай болған мереке келер уақытта да жаңарып, жанданып отыратынына күмәніміз жоқ
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі