«Айқын» Республикалық қоғамдық-саяси газет
Журналистика факультетіндегі жылы кездесу
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде дінтанушы, тарихшы, экономист, халықаралық дәрежедегі публицист Бақыт Рүстемовпен кездесу өтті. Бұл кездесу Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай Ақпарат және байланыс министрлігінің қолдауымен өткізілді.
Кездесуді профессор, журналистика факультетінің деканы Есберген Алауханов ашып, қонақтың «жігітке - жеті өнер де аз» деген ұстанымды берік ұстанған азамат екенін айта келіп, автор туралы «Бақыт Рүстемов Президент Әкімшілігінің аппаратында жауапты қызметтер атқарған, жазу өнеріне экономика саласынан келіп қосылса да, 30 жылдан бері ел тәуелсіздігі жолында өнімді еңбек етіп келе жатқан журналистердің бірі» деген бағасын білдірді.
Бұл шараға еліміздің танымал шығармашылық адамдарымен қатар, әлемге әйгілі мәскеулік журналист Кипрас Мажейка да қатысып, Бақыт Рүстемовке өзінің жүрекжарды тілегін білдіріп, Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығымен құттықтады. Елбасымыз Н.Назарбаевтың салиқалы саясаты арқасында еліміздің бүгінгі таңда әлемдегі ірі мемлекеттердің қатарына еніп келе жатқанын да сөз етті. Қазақстанға келген сапарында елімізден үйренетін тұстары бар екенін де жасырмады.
Келесі болып сөз кезегін алған Бақыт Рүстемов жастарға өзінің шығармашылығы мен іссапармен болған мемлекеттердегі қызықты жайттарды әңгімелеп берді. Бірнеше тілде 14-тен астам кітабы жарық көрген автордың еңбектері Ресей, Украина, Өзбекстан, Әзірбайжан, Қытай, АҚШ, Франция, Испания, Куба, Сауд Арабиясы Корольдігінің, Чили Республикасы және басқа да шет мемлекеттерінің мәдени, білім беру ошақтарында және дипломатиялық орталықтарында өзінің лайықты орынын алған.
Студенттердің «Араб елдеріне барғандағы алған әсеріңіз» деген сұрағына жазушы-публицист, «ол жақта Қазақстан десеңіз, бірден «о, Назарбаев» деп, қуанышпен біздің елді білетіндіктерін танытып жатады» деді.
Кездесу соңында мұндай кездесулердің жастарға берер тәлім-тәрбиесі көп екеніне тағы да бір көз жеткіздік.
Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында журналистика факультетінде мұндай шығармашылық кездесулердің саны толастар емес.
Кәмила ДҮЙСЕНОВА,
журналистика факультетінің
2-курс студенті