«Махаббат шайыры» студенттермен кездесті
Алматыда ақын, драматург Исраил Сапарбайдың «Махаббат – мәңгі ертегі» деп аталатын жыр кеші өтті. Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті филология, әдебиеттану және әлем тілдер факультетінде болған бұл шараны «Әдеби жүздесулер» клубы ұйымдастырды.
Онда қазақ әдебиеті мен әдебиет теориясы кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Өмірхан Әбдіманұлы ақынның 70 жылдық мерейтойына арналған жылы лебізін білдіріп, иығына шапан жапты. Одан кейін поэзия тарланы кездесуге келген жырсүйер қауымға өлең оқып, ризашылығын білдірді. Бұл кездесуге, сондай-ақ филология, әдебиеттану және әлем тілдері, журналистика факультеттерінің, Т.Жүргенов атындағы нер академиясының студенттері арнайы келді.
Кеш соңында «Әдеби жүздесулер» клубының жетекшісі сәлима Қалқабаева жастардың дарынын таразылап, өз тілегін білдірген Исраил сапарбайға алғысын жеткізді. Ол ақынның махаббат тақырыбына көп қалам тербегендігін айтып, сыршыл, лирик қаламгер Исраил Сапарбайға «Махаббат шайыры» атағын табыс етті.
Саягүл ӘЛІМБЕКОВА