«Тәуелсіз елім – Қазақстан!» атты жыр-кеші өтті

1 желтоқсан, 2011

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы аясында өткізіліп отырған «Тәуелсіздік күнделігі» бойынша 2011 жылғы 30 қараша «Келісім» күні болып белгіленген. Осыған орай, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Тәрбие жұмысы жөніндегі департаментінің ұйымдастыруымен университетте білім алатын өзге ұлт өкілдері студенттерінің қатысуымен «Тәуелсіз елім – Қазақстан!» атты жыр-кеші өтті.

Ұлттық қасиетіміз бен ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, ұлттық намысымызды оятқан, әлемге қазақты рухы биік, намысы берік халық ретінде жариялаған Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Тәуелсіз елім – Қазақстан» жыр-кеші университетімізде білім алатын өзге ұлт өкілдері студенттерінің қатысуымен өткізілді. Мерекелік кешті журналистика факультетінің 2-курс студенті Ирина Тен, филология факультетінің 3-курс студенті Жанна Верещак, халықаралық қатынастар факультетінің 2-курс студенті Юрченко Александар«Анамның тілі» әнімен ашты. География факультетінің 2-курс студенті Ге Ольга, шығыстану факультетінің 4-курс студенті Закиряров Бағдат, география факультетінің 1-курс студенті Павлова Оля Абайдың табиғат лирикасын жырласа, ал шығыстану факультетінің 3-курс студенті Гаипова Диляфруз, шығыстану факультетінің 1-курс студенті Чусин Михаил, журналистика факультетінің 2-курс студенті пәкістан халқының өкілі Ахмед Уакар дана Абайдың философиялық шығармаларын керемет шеберлікпен орындап шықты.

Қытай Республикасының Синь-Цзянь университетінен келген Гао Ли Мин мырза және қандастарымыз Зейнолла Жанат пен Жүнісбек Гүлназ қазақтың халық әні «Майраны» қытай тілінде шырқаса, шығыстану факультетінің 3-курс студенті Цой Юлия қытай тілінде өз шығармашылығынан тамаша әнді көрермен назарына ұсынды.

Ақиық ақын Мұқағалидың жырларын химия факультетінің 2-курс студенті Закирова Гүлназ және заң факультетінің 1-курс студенті Федеренко Яна нақышына келтіріп орындады.

Кең байтақ, көз жетпейтін жерім менің,

Таулы орман, жасыл жайлау, көлім менің.

Бүгінде бар әлемге данқың жетті,

Тәуелсіз Қазақстаным – елім менің, - деген жыр

жолдарымен аяқталған жыр-кешіне «Қазақстан» ұлттық арнасы «Таңшолпан» бағдарламасының журналистері қатысты. Қазақ тілін өз ана тіліндей жетік меңгерген студенттеріміз журналистермен Тәуелсіз Қазақстан туралы пікірлерін бөлісті.

Осы кештен біз – бүгінгі жастардың тілге деген ықыласы мен құлшынысын көреміз. Елдің ертеңі саналатын осы өскелең ұрпақ Тәуелсіз Қазақстанның туын көкке көтеретініне сенімдіміз.

Тәрбие жұмысы жөніндегі департамент