«Келді ғой, замандастар, бізге кезек» атты ақындар айтысы өтті
Жақында ел тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойына орай қазақ әдебиетінің тарихы және әдебиет териясы кафедрасы жанынан құрылған «Жәдігер» клубының ұйымдастыруымен «Келді ғой, замандастар, бізге кезек» атты ақындар айтысы өтті.
Бүгінгі қазақ айтысының азулы арыстандары шыққан филология және журналистика факультеттері осы өнердің алтын бесігі десек артық болмас. Айтысты ұйымдастырудың негізгі мақсаты да осы дәстүрді студенттер арасында қайта жаңғырту, насихаттау болатын. Көпшілік асыға күткен айтыста ақындардың еркін тақырыпта көсіліп айтуларына мүмкіндік берілді. Бүгінде айтыс өнерінің көркін қыздырып, қара сөзден қамшы өріп жүрген Балғынбек Имашев, Мұхамеджан Тазабеков, Дәулеткерей Кәпұлы сынды ақындар тәлім алған факультеттердегі дәстүрдің жандануына бұл айтыстың қосар үлесі мол. Додаға журналистика факультетінен Рауан Қайдаров, Орынбасар Бақытбекұлы, Амангелді Сейітхан секіді талантты ақындар сөз сайысына шықса, филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің намысын Манас Қайыртайұлы, Дәмелі Біләлқызы, Салтанат Мінәйхан, Марғұлан Ақан сынды ақындар қорғады. Дайындық факультетінің тыңдаушысы Қали Сапаұлы да айтысқа жиналған көрерменнің көзайымына айналды. Жас та болса елдің сөзін көркем оймен кестелеп, алды үлкен сахналардан көрініп жүрген ақындардың айтысына филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультеті қазақ әдебиеті тарихы және әлем тілдері кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы Өмірхан Әбдиманұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор Қанипаш Мәдібай, журналистика факультетінің аға оқытушысы, белігілі ақын Мұрат Шаймаран және осы білім ошағының аға оқытушысы, жазушы Қойшыбек Мүбәрак төрелік етті.
Алғашқы 4 жұп айтысқаннан кейін ширек финалға әділқазылардың шешімімен Марғұлан Ақан, Манас Қайыртайұлы, Рауан Қайдаров, Қали Сапаұлы өтті. Көптен сағындырып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленген бұл айтыс өте тартысты болды. Әр жұп айтысқаннан кейін дәстүрлі ән айтылып, күмбірлеген күй шертілді. Әділқазылар алқасына финалға шығатын жұпты анықтау да оңайға соққан жоқ. Сөзден сарай салған ақындардың ішінен суырылып ақтық сайысқа шыққан Марғұлан Ақан мен Қали Сапаұлы халық көңілінен шығып, сүбелі ойларымен дараланды.
Төрт сағатқа созылған айтыстың қортындысы бойынша 1-орынды дайындық факультетінің тыңдаушысы Қали Сапаұлы иеленсе, 2 - орынды Марғұлан Ақан, 3-орынды Рауан Қайдаров еншіледі. Айтыс соңында барлық ақындарға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді. Сонымен бірге «Жәдігер» клубының жетекшісі, филология ғылымдарының кандидаты Самал Дәрібайұлы 1-орын иегері Қали Сапаұлына 20 мың , 2-орын алған Ақан Марғұланға 10 мың , 3 орынды еншіліген Рауан Қайдаровқа 5 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық табыс етті.
Арқалы ақындар халықтың ойындағысын айтып, көңілінен шыға білді. Ал көрермендердің оларды қолпаштауында шек жоқ еді. Залда ине шаншар орын болмады, осыдан-ақ көпшіліктің айтысты сағынғанының куәсі болдық.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі