«Қазақ поэзиясының Құлагерінің» есімі биология факультетінде ұлықталды

7 желтоқсан, 2011

ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай биология және биотехнология факультеті молекулалық биология және генетика кафедрасы мен “Сұңқар” студенттер кәсіподағының ұйымдастыруымен «Қазақ поэзиясының Құлагері» атты Ілияс Жансүгіровтің шығармашылығына арналған тәрбиелік кеш өтті.

«Қазақ поэзиясының Құлагері» атты Қазақтың Абайдан кейінгі замандағы, аса дарынды да арынды ақыны Ілияс Жансүгіровтің шығармашылығына арналған танымдық, тәрбиелік мәні бар мерекелік шараға І.Жансүгіровтың ұлы Саят Жансүгіров, келіні Қарлығаш Махмедқалиқызы және немересі жалпы генетика және цитология институтының директоры б.ғ.к., доцент Лейла Жансүгірова, қазақ халқының кемеңгер жазушысы Сапарғали Бегалиннің ұлы кинематографист Бегалин Қасым Сапарғалиұлы қатысты. Сонымен қатар, факультетіміздің деканы Т.М.Шалахметова және декан орынбасары А.Е.Ережепов, биотехнология кафедрасының профессоры б.ғ.д., А.А.Жұбанова және т.б. қонақтар қатысты.Кеш І.Жансүгіровтың өмірі мен шығармашылығына арналған деректі фильмінің көрсетілуімен басталды. Сөз алған Саят Ілиясұлы студент жастарға Ілияс Жансүгіровтың өмірі, жазушының М.Горькиймен шығармашылық байланысы, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезовпен достығы және жазықсыз жазаға ұшыраған жылдары туралы айтып, ескі қолжазбалары мен соңғы шыққан еңбектерімен таныстырды.

Кеш барысында «Құлагер» фильмінен үзінді көрсетіліп, кинематографист Бегалин Қасым Сапарғалиұлы фильмінің шығу тарихымен таныстырды. «Биотехнология» мамандығының студенттері өмір шындығын айшықтай өрнектеген поэмасын оқып, Ақан серінің Құлагерді жоқтау кезінен көріністер қойды.

Кеште кафедра студенті Перизат Тлеубекқызы І.Жансүгіровке арналған «Ілиясқа» атты жеке шығармашылығын оқыса, Тоғжан Алиева «Арыным» ал, Динара Зұлқаш «Тәуелсіздік» туралы өлеңдерді оқыды. Сонымен қатар, студенттер «Домбыра», «Қара жорға» билерін билеп, «Сүгір» және «Тәуелсіздікке» арналған термелерін орындады. Мерекелік шара ҚазҰУ-дың Ғылыми кітапханасы ұйымдастырған «Қазақтың Ұлы тұлғалары» атты кітаптар көрмесімен жалғасты.

Кеш соңы мерекелік шараға қатысушы студенттердің Е.Хасанғалиевтің «Атамекен» атты әнімен қорытындыланды.

Ілияс поэзиясы — ойға қанат, сезімге нәр беретін, әдеби жанр екендігін тағы да еске салды.

Молекулалық биология және генетика кафедрасы