Азаттықтың 20 жылдығын жырлайды

12 желтоқсан, 2011

«Ұлт үшін азаттық пен тәуелсіздіктен артық тағы қандай қасиетті нәрсе болмақ?!» - деп алты алаштың ардақты азаматы Мұстафа Шоқай айтқандай, өзекті өртер өкінішті сәттерді бастан кешіріп, қас тағдырдың қиқаңына қарсы тұра тәуелсіздіктің қыранын қалықтатқан қазақ үшін азаттықтан артық ұлы ұғым болмақ емес. Міне, осы ел Егемендігінің 20 жылдығына орай желтоқсанның 9 жұлдызында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінде «Ардағым – Ата жұрт» атты жыр мүшайрасы болып өтті. Шараны ұйымдастырушылар – ф.ғ.д., профессор Қанипаш Мәдібаева жетекшілік еткен «Ай-Ару» рухани-танымдық студент қыздар клубы. Таланттардың туындыларына Қазақстан Жастар одағы және халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, ақын Қасымхан Бегманов, республикалық «Қазақ қызы» журналының бас редакторы Еңлік Ерболқызы, «Ұлан» газетінің бас редакторы Есей Жеңісұлы, белгілі ақын-журналист Серік Сейітман, «Ана тілі» газетінің бас редакторының орынбасары Абылайхан Қалназар, ф.ғ.к., доцент Сәлима Қалқабаева, «Айгөлек» балалар журналының бас редакторы, ұлтын сүйген және ұлты сүйген Қымбат Әбілдақызы сынды белді азаматтар мен азаматшалар өзара талқыға салып, таразылық етті. Жыр жампоздары додасының алғашқы сөзі ф.ғ.д., профессор Өмірхан Әбдиманұлына берілді. Ол: «Филология факультеті – ақандардың, жазушылар мен өнерпаздардың факультеті. Тәуелсіздіктің 20 жылдығы және Ай-Ару клубының құрметіне «сөз патшасы – өлеңге» арналған жыр мүшәйрасы өткізілуде. Осындай щаралар қашан да көп болғай,» - деп өз лебізін білдірді.

Сөйтіп, бұл шараның шымылдығын «Білімнің Хантәңірі - ҚазҰУ-да» оқығандығын мақтан тұтатын дарынды да жалынды жас ақын Манас Қайыртайұлы жүрекжарды толғауымен ашып, «Азатпыз бейбітшілік аспанында, Қазақпыз қыран болып қалықтаған,» - деп рухымызды бір желпіп тастады. Сонымен қатар, жиналған жұртшылық «Тарих шежіресі» атты бейнероликті тамашалап, өткен тарихымызды ой елегінен өткізіп, қазіргі Қазақстан болашағы баянды боларына деген үміттерін үкілей түсті. Саңлақтардың сайысы ары қарай күбірлеген күй мен әуезді әнге ұласты. Осылай, жүзден жүйрік дүлдүлдерді марапаттайтын сәт те келіп туды. Өткізілген өнер додасының мақсаты саналы ұрпақты отансүйгіштікке жетелеп, ел көрмегенді бірінші көріп, ел сезбегенді сезе білетін, өлеңін өмірлік серігі еткен жас ақындардың дербестіктің 20 жылдығын жырлаудағы жүрек лүпілдерін тыңдап, азаттығымыздың мәртебесін асқақтата түсу болатын.

Тәуелсіздігіне 20 жыл толған Отанымыздың ошағынынан оты өшпей, келешегі кемел болсын!

Елшин Жанерке ҚазҰУ журналистика факультетінің 2-курс студенті