Огайо штаты (АҚШ) мемлекеттік университетінің профессоры Петрик Джеймстің лидерлік лекциясы

14 желтоқсан, 2011

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың философия және саясаттану факультетінде Огайо штаты (АҚШ) мемлекеттік университетінің профессоры Петрик Джеймс «Gratuitous Evil and the Existence of God» тақырыбында лидерлік дәріс оқыды. Профессор Петрик Джеймс 17-18 ғасырлардағы философия тарихы және дін философиясы салалары бойынша танымал ғалым.

Ол ұсынған лидерлік дәріс зұлымдық мәселесін философиялық тұрғыда талдауға және құдайдың бар екендігіне сену немесе сенбеуге қатысты мәселелерді талқылауға арналды. Табиғи зұлымдық пен Құдайдың бар не жоқ екендігін түсіндіру барысында дін философиясының өзекті мәселелері мен жалпы тезистік сұрақтар талқыланды. Лекцияның негізгі желісі: «Дін философиясы – негізгі діни сенімдерді ақыл-ой тұрғысынан бағалау» - деген тұжырымға негізделді. Аталған тезис бойынша моральдік және табиғи зұлымдықтың мәселелері қарастырылды, діни еркіндікке қатысты сауалдар талқыға салынды, моральдық және рухани тұрғыдағы кемелдену мен адамзаттың жасаған істеріне жауапкершілігі мәселелері алға қойылды. Дәріс барысында моральдық даналыққа жету, «моральдық білімді» ұрпақтан ұрпаққа жеткізудің ғылыми білімді таратуға қарағанда әлдеқайда қиындау үрдіс екендігі атап көрсетілді.

Дәрісте теориялық және практикалық мәліметтер мен деректерге толы, кең мазмұнды, түсінікті презентация қолданылды. Дәріс тақырыбына қатысты талқылауға студенттер, магистранттар, докторанттар және оқытушылар белсенді түрде қатысты.

Философия кафедрасы