"Тәуелсіздік 20 жылдығына" қалалық жастар форумы

14 желтоқсан, 2011

11.11.11 күні жастар үшін несімен ерекшеленді?

Күні, айы, жылы бір санымен сәйкес келген бұл күнді көпшілік көптен бері күткені рас. Бірі осы күнді арнайы кішігірім мереке ретінде тойлауға асықса, екіншілері бұл күнге арнайылап жоспар құрып жатты. Ал, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Жастар ұйымдарымен жұмыс жөніндегі бөлімі оңтүстік астананың көшбасшыларын жинаған қалалық жастар форумын ұйымдастырды.

Форум егеменді еліміздің елеулі оқиғасы – Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай өткізілді. Ө.А.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайындағы Алматы қаласы ЖОО-ның көрмесімен басталған форум жұмысы пленарлық мәжіліспен жалғасты. Жиында еліміздің қоғам қайраткерлері, ғалымдары, республикалық, қалалық студенттік және жастар ұйымдарының жетекшілері, сондай-ақ білімгер атанып жүрген қазақ эстрадасының жұлдыздары қатысушылар орнынан табылды. Форумның пленарлық мәжілісі ел дамуындағы жастардың алатын орны тақырыбы төңірегінде тарқалып, жастардың аға буын өкілдеріне көкейлерінде жүрген сұрақтарын қоюымен өрбіді. Түскі үзілістен кейін ҚазҰУ қалашығының үш нүктесінде секция жұмыстары басталды. Біріншісі - «Біз – оңтүстік астаның көшбасшыларымыз!» атты дөңгелек үстел барысында жастар ұйымдары комитеті жетекшілерінің өз университеттерінде жүзеге асырып жатқан жаңа жобалары ұсынылды. Екінші «ҚР Тәуелсіздігінің 20 қызықты фактісі» атты дәрісте еліміздің әр жыл сайынғы жеткен жетістіктері көрсетіліп, дәріс барысында қойылған сұрақтарға жауап беріп, белсенділік танытқан студенттер ҚазҰУ-дың естелік сыйлықтарымен марапатталды. Үшінші «Көшбасшы қандай болуы керек?» атты семинар-тренингте жас жеткіншектердің көшбасшылық қаситеттерін дамыту мақсатында түрлі психологиялық жаттығулар өткізіліп, өзара тәжірибе алмасты.

ҚазҰУ білімгерлерімен өткізілген дөңгелек үстел, дәріс және семинар-тренинг алдымен қала жасарына, кейіннен республика жастарына үлгі болар жемісті жұмыс болды.

Сандуғаш Картаева

Жастар ұйымдарымен жұмыс

жөніндегі бөлімнің жетекші маманы

Халықаралық қатынастар

факультетінің 1курс магистранты