«Айқын» Республикалық қоғамдық-саяси газет
Шетелден келген бір топ профессорлар қауымы Білім және ғылым министрі, академик Б.Жұмағұловқа, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректоры, академик Ғ.Мұтановқа алғыс сезімін білдірді.
«Біз, Қазақстанға алғаш рет қадам бастық. Алайда Еуропа мен Азия құрлықтарының ортасында орналасқан қонақжай елмен қауышқанымызға қуаныштымыз. Қазіргі кезде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қабырғасында журналистика факультетінің студенттеріне дәріс оқып жатырмыз. Қазақ елі жастарының білімге құштарлығы, кәсіби білімдерінің жоғарылығы бізді таңғалдырды. Білім алушы студенттермен сұхбаттасып, өз еліміздің журналистика саласының, құқықтық журналистиканың даму бағыттары туралы білім алмастық. Біз өз кезегімізде осындай шынайы кездесулерге, кең пейілді таныстыққа жол ашқан мүмкіндіктеріңіз үшін алғыс білдіргіміз келеді. Мұндай мүмкіндік бұрынғы Кеңес Одағы елдерінде тек Қазақстанда ғана қолға алынып отырған үлкен шара. Бұл бастама басқа елдерде де жалғасын тапса деген тілегіміз бар».
Бұл Польшаның Н.Коперник атындағы университетінің профессоры Ивона Массака, Щвеция Жоғары журналистика мектебінің медиажетекшісі, Стокгольм университетінің профессоры Вероника Менжун, Германия Журналистер одағының төрағасы Берид Бруссиг, Өзбекстан елінің журналистика жоғары курсының жетекшісі, журналистика ғылымдарының докторы, профессор Құдірет Ерназаров, Киев ұлттық университетінің кафедра меңгерушісі, профессор София Лиховаяның ізгі тілегі.
- Білім және ғылым министрінің мемлекеттік бюджеттен арнайы ақша бөліп, ел болашағы үшін қаржы құйып, осындай үлкен мүмкіндіктерге жол ашқаны көрегендік. Екіншіден, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректоры, академик Ғ.Мұтановқа да білім шаңырағындағы қонақжайлылық ниеті үшін алғыс айтамыз! Жастардың білім көкжиегін кеңейтуге салынған қаржы болашақта мың есе қайтарыммен оралатынына күмән жоқ. Қазақстанның халықаралық байланысты нығайтып, жоғары білімді жаңа бағытта дамытып жатқан бастамаларын қолдаймыз, әрі ғылым мен өндірісті бірлесе дамытып, ел экономикасының үдемелі дамуына инновациялық жобалар даярлау ісіндегі жұмыстарыңыздың сәтті болатынына сеніміміз мол. Жас ұрпақтың сапалы білім алуына бар жағдайдың жасалып жатқанына көзіміз жетті, бұл орайда биылғы жылы мемлекеттен жастардың жоғары білім алуы үшін 35425 грант бөлінгенін, 2700 ЖОО ректорларының гранты болғанынан хабардар болдық. Бұл үлкен мақтанышпен айтарлық табыс,-дейді дәріс беруші профессорлар.
Еркін ҚАЛДАН