Әлемнің спорт саңлақтары

19 желтоқсан, 2011

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойына орай, университетіміздің «Даму стратегиясына» сәйкес «Салауатты өмір салтын қолдайық!» бағдарламасы шеңберінде 2011 жылдың 7 желтоқсан күні сағат 18.00-де 508-дәрісханада Халықаралық қатынастар факультеті дипломатиялық аударма кафедрасы оқытушылары С.Б.Бөрібаева, М.А.Омарова, Б.Р.Құлжанова, Г.У. Ахметалиева, Б.Ақбұзауова, Г.Қ. Смағұловалардың ұйымдастыруымен «Әлемнің спорт саңлақтары» атты тақырыпта кеш өткізілді. Студент жастармен кездесуге самбодан Әлем кубогінің иегері, Еуропа чемпионы, КСРО-ның екі дүркін чемпионы, ҚазҰУ түлегі Айтжан Шанғараев келді.

Айтжан Тұрарұлы Шанғараев Қарасу ауданында 1963 жылы қаңтардың 22 жұлдызында дүниеге келіпті, қазіргі уақытта да туған ауылында еңбек етіп жатыр екен. Айтжан Тұрарұлы біздің университетімізге 1981 жылы түсіп, 1986 жылы заң факультетін бітіріпті. Он жасынан самбомен шұғылданып, 1981 жылы 18 жасында КСРО чемпионы атанған. 1983 жылы екінші рет КСРО кубогін жеңіп алады.1984 жылы Еуропа чемпионы атанып, әлем кубогінің иегері болады.1981-1987 аралығында КСРО құрама командасының мүшесі, халықаралық деңгейдегі спорт шебері, сондай-ақ КСРО-ның желкенді спорт түрінен жаттықтырушы да болыпты. Қазақстанның көптеген даңқты спортшыларын дайындаған жаттықтырушылардың бірі белгілі Темірхан Досмұхамбетов Айтжанды самбоның қыр-сырына үйретіп, ақыл-кеңесін беріп, оған қамқоршы болған.

Кездесу барысында Айтжан Шанғараев туралы деректі фильм көрсетілді. Деректі фильмнен спортшының өмірбаяны, туған жері, отбасы, дос-жарандары және шәкірттері, сондай-ақ шығыс спорт түрі самбода қолданылатын амал-тәсілдерді көріп куә болдық. Кездесуге дене тәрбиесі кафедрасының оқытушысы Подпырина Светлана, тәрбие жұмысы және тіл саясатын ұйымдастырушылық-әдістемелік қамтамасыз ету бөлімінің маманы Канафьева Шынар Ерланқызы, шығыстану факультетінің қытайтану кафедрасының оқытушысы Ержан Балабай, «Қазақ» радиосының тілшісі Гүлден ханым, ҚазҰУ телеарнасының журналистері, халықаралық құқық кафедрасы меңгерушісінің оқу-әдістемелік және тәрбие ісінің орынбасары А.И.Дәркенбаев, дипломатиялық аударма кафедрасының оқытушылары және халықаралық қатынастар, шығыстану факультетінің спортшылары мен I-III курс студенттері қатысты.

II курс студенті Арсен Малтабаров Айтжан Шаңғараев туралы деректі фильмнен монтаж дайындап көрсетті. Кеш диалог түрінде өтті, шақырылған қонаққа Студенттер Кеңесінің төрағасы Ержан Мырзатаев және «Сұңқар» кәсіподақ ұйымының төрайымы Ақмарал Қарлыбаева, студенттер мен оқытушылар «шығыс спорт түрлері самбо, дзюдо, сондай-ақ «чемпион болу үшін ең алдымен неге көңіл бөлу керек, спортшыға қандай талаптар қойылады» және т.б.сауалдар туралы әңгіме қозғады. Чемпион жас ұрпақққа: Еліміз үшін аянбай еңбек етіп, өмірде кездесетін әртүрлі қиындықтан қорықпай, оларды жеңе білуге, себебі он жасында кенеттен әкесі қайтыс болып, анасы сегіз баламен қалыпты. Спортпен шұғылданып нанын да, бақытын да тауыпты. Сонымен бірге жастарды жоғары білім алып, еліміздің туын халықаралық жарыстарда желбіретіп, намысын қорғауға шақырды.

Кездесу концерттік бағдарламамен жалғасты. Шығыстану факультетінің II курс студенті Сәменова Перизат «Абайкөкті» халық әні домбырамен орындады. Халықаралық қатынастар факультетінің II курс студенті Мәулен Айдана қазақ биін биледі. Халықаралық қатынастар факультетінің I курс студенті Мұхамеджанова Айсұлу Мұхтар Шахановтың «Желтоқсан алаңы» өлеңін оқыды. Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйін орындаған Уралова Әсемгүл.

Тәрбие жұмысы жөніндегі департамент