ҚазҰУ-да Ермахан Шайхыұлының «Аққудың сыңары» атты кітабының тұсаукесері өтеді
23 желтоқсан сағат 11.00-де әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің Т.Қожекеев атындағы мәжіліс залында Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Балғабек Қыдырбекұлы атындағы сыйлықтың екі мәрте иегері, Республикалық қоғамдық-саяси «Айқын» газеті бас редакторының орынбасары Ермахан Шайхыұлының «Аққудың сыңары» атты кітабының тұсаукесері өтеді.
Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесіне орай «Атамұра» баспасынан шыққан жинақта қаламгердің 2004-2011 жылдар аралығында «Айқын» газетінде «Аққудың сыңары», «Жақсының көзі» айдарлары бойынша жарық көрген сыр-сұхбаттары мен мақалалары топтастырылған.
Алғашқы бөлімде қазақтың көрнекті ақын-жазушылары мен әнші-сазгерлерінің, сондай-ақ өнер қайраткерлерінің артында қалған аяулы жарлары өздерінің өмірлік серігі болған жұбайлары туралы сыр шертеді. Ал екінші бөлімде ұл-қыздары асқар таудай әкелері жайлы сағыныштарын жеткізеді.
«Атамұра» корпорациясы сондай-ақ ҚазҰУ-дың журналистика мен филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультеттері ұйымдастырып отырған өмірін өнерге, өнерін өмірге арнаған ұлт зиялыларының ғибратты ғұмыры жайлы аталмыш кітаптың тұсаукесер рәсіміне кітап кейіпкерлері, ақын-жазушылар, университет профессорлары мен оқытушылар, студенттер, сонымен бірге БАҚ өкілдері қатысады.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі