Өнерлі студенттер Қытайға барып қайтты
ҚазҰУ студенттері Ланджоу және Хайнань провинциясында өткен студенттік фестивальге қатысып қайтты.
Қытай Халық Республикасының Шанхай ынтымастық ұйымына төрағалығы шеңберінде «Тату көршілік және достық жылы» ұраны негізінде, 20-26 желтоқсанда Ланчжоу және Хайнань провинциясында ШЫҰ-ға мүше-мемлекеттердің бірінші студенттік фестивалі өтті. Аталған іс-шараға Қазақстанның атынан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дан өнерлі студенттер қатысты.
Студенттерге университет ректоры Ғ.М.Мұтанов қолдау танытып, «Сұңқар» студенттер кәсіподағы қаржылай көмек көрсетті.
Делагацияны университеттің Тәрбие жұмысы жөніндегі департамент директоры Сәрсенбекова Гүлнар Әлібекқызы басқарып барды. Сонымен қатар Еңлік Қайырсынова (халықаралық ынтымақтастық бөлімінің бастығы), Зита Сванбаева («Қобыз» және «Домбыра» үйірмелерінің жетекшісі), Әлібек Мұхамеджанов (философия және саясаттану факультетінің 1 курс магистранты, домбыра үйірмесінің мүшесі, тенор домбыра, бас домбыра, гитара), Самал Жанатқызы (Экономика және бизнес мектебі факультетінің 1-курс студенті, әнші), Орынбасар Ташенов (механика-математика факультетінің 4 курс студенті, домбыра үйірмесінің мүшесі, тенор домбыра) барды.
Ланджоу университетінде үлкен концерт қойды. Онда біздің студенттермен қатар Ланчжоу университетінде оқитын қазақ және қытай студенттері өнер көрсетті. Концерттік бағдарлама бойынша 16 нөмердің 6 нөмерін Қазақ ұлттық университетінің студенттері қойды. Әнші Самал Жанатқызы Л.Хамидидің «Қазақ вальсі» әнін орындап, тамаша дауысымен жұртты таң қалдырды. Әлібек Мұхамеджанов, Орынбасар Ташенов және Зита Сванбаева үшеуі бірігіп, ансамбльмен Құрманғазының «Адай», Түркештің «Көңілашар», «Балбырауын», Нұрғиса Тілендиевтің «Махамбет» күйлерін, Ричард Клайдерманның «История любви» шығармасын орындады.
Біздің студенттер Хайнань провинциясының Санья қаласында да болып, Санья университетінде фестивалдің ашылуына қатысып, қазақтың әсем әнін, күмбірлеген домбырасын, қоңыр үнді қобызын танытып жалпы жұртты тәнті етті.
Фестивальге Қазақстан, Қытай, Ресей және Қырғызстан мемлекеттерінің түрлі университеттерінен студенттер қатысты. Жалпы алғанда ҚазҰУ-дан барған өнерлі студенттер 13 нөмер орындады. Концертттен кейін қытай студенттерімен барлық делегацияның үстел басындағы кездесуі болды. Янода демалыс орнына, мәдени-көпшілік орталарда, мұражайларды аралап қайтты.
ҚазҰУ-дың Студенттер клубы