Көрнекті ғалым, асыл ұстаз мұрасы мәңгі сақталады
11 қаңтарда Ө.А.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында профессор, физика ғылымдарының докторы Әбділдин Мейірхан Мүбәракұлын ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті. Ғұлама ғалым, ұлағатты ұзтазбен қоштасуға әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұжымы бастаған еліміздің білім және ғылым саласындағы мекемелер мен оқытушы-профессорлар қатысты. Қаралы жиында ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов, ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов және Мейірхан Мүбәракұлының туыстары мен замандас достары сөз алды.
Академик, ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов ғалымның өмірбаянына, еңбек жолына тоқталып, ол кісінің ғылым мен білімге, шәкірттерді тәрбиелеуге қосқан зор үлестерін баяндады. «Мейірхан Мүбаракұлы энциклопедиялық білімді ғалым болды. Ол қазақ топырағына бұрын-сонды болмаған физиканың жалпы салыстырмалы теориясы туралы ілімді бүкіл қазақ жұртшылығына таратып, аты мен заты әлемге жайылған ғылыми мектеп қалыптастырды. Ол физикамен қатар алыс-жақын шетелдің тарихы мен мәдениетін тарқата айтып, тыңдаушысын таңғалдыратын. Ғалымның ғылымда ізі, артында өшпес мұрасы қолды», - деп ой толғаса, «Мейірхан Мүбаракұлы жүрегі кең, көңілі ақ ғұлама ғалым. Физик-лирик деген атау осы ғалымға арналғандай. Ол физика ғылымының дамуына зор үлес қосумен қатар әдебиетке де үлкен ықылас танытты. Ауыз әдебиетін жатқа айтатын. Жаны лирикаға жақын болғандықтан да болар, ғалым ағамыз достыққа адал, ағалыққа берік болатын. Қалжыңы мол, айналасындағыларға мейіріммен қарайтын ғалым болды. Ол жаратылыстану ғылымдарын ғана емес барлық ғылымды бір-бірімен ұштастыра алатын. Әріптестерінің шын ықылас-ниетіне бөленген ғалым, ұлағатты ұстаз Мейірхан Мүбәракұлының жарқын бейнесі біздің жүрегімізде, шәкіртерінің есінде мәңгі сақталады», - дейді тебірене сөйлеген ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов. Ғалымның туған-туыстары да, замандасытары да Мейірхан Мүбәрак жайында тоқтаусыз үлгі істер айтып, адамдық болмысына, ғалымдық бейнесіне мәңгі өшпес естеліктер айтты. ҚР ҰҒА президенті, академик Мұрат Жұрыноа Мейірхан Әбділдинді «нағыз сегіз қырлы, бір сырлы азамат» деген теңеуге лайқ екендігін жеткізді. Қаралы жиынға жиналған қауым күлімдеп қарап тұрған ғалым бейнесіне қимай қарап, үн-түнсіз тебіреніп қоштасып жатты. Алайда, Мейірхан Мүбаракұлы айтулы көреген істерімен, жақын-туысқа деген зор қамқаорлығымен, ғылымға сіңірген қайратты еңібегімен еш ұмтылмақ емес деген ой жиналған жас пен аға буынның көкейінде сайрап тұрды.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі