Семинарда табиғаттың өзекті мәселелері қаралды
12 қаңтарында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ЮНЕСКО-ның Алматыдағы Кластерлік Кеңсесі және Қазақстан Республикасындағы Жапон елшілігінің қолдауымен Адам және табиғат жөніндегі Жапон институтымен бірге ұйымдастырылған «Орталық Азияда тұрақты қоғам қалыптастыру жолында: біздің болашақ ұрпақ алдындағы міндетіміз» атты ашық семинар өтті.
Семинар Қазақстан және Жапон ғалымдары мен университет студенттерінің ғаламдық экологиялық мәселелерді шешудің жаңа жолдарын іздестіруді талқылау және ой алмасу алаңына айналды.Семинарда Норио Ищида (Жапония, Киота университеті), Джюнпей Кубота (Жапония, Адам және табиғат зерттеу институты), Роман Ященко (Қазақстан, Зоология институты) баяндама жасап, Қазақстандағы бүгінде табиғи апатқа ұшырап отырған аймақтар мен Арал мәселесіне тереңінен тоқталды. Семинарға қатысушыларға арнайы дайындалған видеослайдтармен зерттеу жұмыстарын таныстырды. Норио Ищида Жапониядағы Биво көлі мен Арал теңізін қатар салыстырып зерттеген. Бүгінде зейнеткер болса да, өз ғылыми зерттеу жұмыстарын тоқтатпай, арнайы құрылған зерттеу тобы және қазақ ғалымдарымен бірлесе Арал мәселесін зерттеп жүр. «Суды зерттеп жүргеніме 40-50 жыл болды. Жапонияның өткен жылғы жағдайы баршаңызға мәлім.1987 жылы Аралды алғаш көргенмін. 1990 жылы Аралды зерттеуге келдім. Жапониядағы Биво көлінің су құрамының сапасы мен Арал теңізін суының көлеміне 20 жыл бойы кеңінен тоқталдым», - дейді Норио Ищида.
Семинар соңы студенттер мен докторанттармен сұрақ-жауапқа ұласты.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі