«Алматы ақшамы» қоғамдық саяси газет
5 қаңтар 2012 жыл
Студенттер жаңарған оқу ғимаратына көшті
Еліміздің ең үздік жоғары оқу орны саналатын әл-Фараби атындағыҚазҰУ-де жуырда қуанышты сәт орын алды. Бұған дейін байырғы 9 қабаттық жатақхана ғимаратында оқуға мәжбүр болып келген халықаралық қатынастар және шығыстану факультеттері студенттері енді су жаңа ғимаратта орын алатын болады.
Қарасай батыр мен Масаншы көшелерінің қиылысында орналасқан 5 қабатты ескі корпус толықтай күрделі жөндеуден өтіп, университет ұжымына жаңартылған күйде қайта ұсынылды. Аталған оқу корпусын университет ректоры Ғалымқайыр Мұтанов Алматы қаласы кімінің орынбасары Серік Сейдуманов пен Алмалы ауданының әкімі Марат пірінбетовке өзі таныстырып шықты.
1974 жылы тұрғызылған ғимараттың жалпы көлемі 19 мың шаршы метрді алып жатыр. Оны қайта жөндеуге 1,2, млрд. Иеңге бөлінген. Соның нәтижесінде білім ошағы толығымен жаңарып, оның ішінде су және жылу жүйесі, ауа желдету, телекоммуникациялық желі және басқа да қажетті жабдықтар орнатылған. Сонымен қатар, ғимарат жұмсақ жиһаздармен бірге, компьютерлік құрылғылар және жоғары жылдамдықтағы ғаламтор желісімен қамтамасыз етілген. Бұған қоса, дипломатиялық қызмет кабинеті мен американдық, НАТО және Еуропа зерттеу орталықтары да қарастырылған.
Ербол ТҰРЫМБЕТ