12 қаңтар 2012
Ізденіс нәтиже береді
Мемлекетіміздің экономикалық көрсеткіштерінің жоғары дәрежеге шығуы ел ғылымының дамуымен тікелей байланысты. Ғылым мен техниканың өркендеуі студенттерге сапалы білім, саналы тәрбие беру ісімен үнемі үндесіп жатады. Осыған орай келешек қоғам иелерін жан-жақты жетілген, ақыл-парасаты мол, ойлау өрісі озық азамат етіп тәрбиелеу – қоғам алдындағы борышымыз.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында заманға сай білім беруді дамытуды, кадрлардың біліктілігі мен оларды қайта даярлауды ұдайы арттыруды, бәсекеге қабілеттілікті күшейтуді әрдайым айтып келеді. Сондықтан да әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде сапалы білім берумен қатар студенттер тәрбиесіне зор көңіл бөлінеді. Соңғы жылдары студенттерді тәрбиелеу және білім беру барысында бүкіл оқу-тәрбие үрдісін жаңаша құру жұмыстары жүрізілуде. Осыған байланысты студенттердің білім дәрежесін, мұғалімдердің кәсіптік деңгейін мүмкіндігінше жоғарылату негізі қалануда. Сондай-ақ оқыту мен тәрбие беру үрдістерін бір-бірімен байланыстыра отырып, студенттердің бойында ғылыми дүниетанымды, еңбексүйгіштік қасиеттерін қалыптастыру қолға алынған.
Себебі, қай заманда болсын адамзат алдында тұратын ұлы мұраттардың бірі – өзінің ісін, өмірін жалғастыратын саналы ұрпақ тәрбиелеу. Ал ойлы, пайымды, білімді, мәдениетті, іскер, еңбекшіл азамат тәрбиелеу – ұстаз шеберлігіне де байланысты. Сонымен қатар студенттердің психологиялық ерекшелігін, қабілетін, талабын, талантын ескеріп, белгілі бір бағыт-бағдар беріп отырса ғана олардан білікті де білімді маман шығатынына еш күмән жоқ. Болашақ мамандардың кәсіптік білімді өз дәрежесінде меңгеруінің негізі – педагогтардың ізденісіне, жаңашылдығына, тәрбие үрдісіне байланысты десек қателеспейміз.
Қоғамның рухани қайта өрлеуі табысты болуы үшін мәдени құндылықтарды сақтау, жеке тұлғаның мәдениетін байытып, өскелең ұрпақ үшін барлық жағдай туғызу – оқытушыға байланысты.
Осы орайда университетімізде оқытушылардың кәсіптік шеберлігінің қалыптасуына, шығармашылық деңгейлерінің өсуіне, білімдерін жетілдіруіне, жаңашылдыққа ұмтылуына ықпал жасалып отыр.
Р.Г.РЫСҚАЛИЕВА,
әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті
химия факультетінің доценті,
химия ғылымдарының кандидаты