Рейтинг пен ақпараттандыру салаларындағы жаңалықтар
16 қаңтарда өткен кезекті ректорат мәжілісі ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтановтың университеттің QS рейтинг жүйесінде 300-350 деңгейіне жоғарылауымен және күні кеше өткен сайлаумен құттықтаудан басталды. Сондай-ақ, ректор өткен жылы алты факультетте қоныс жұмыстары аяқталғандығына ерекше тоқталып, қуанарлық жағдай екенін атады.
Күн тәртібінде қаралған мәселе индикативтік жоспарлардың бірінші жартыжылдықта орындалуы туралы бірінші проректор М. Бүркітбаевтың баяндамасы болды. Онда ғылым, білім, ғылыми нәтиже және тәрбие жұмысы бойынша әр факультет пен кафедралардың көрсеткіштеріне баса назар аударылған. М. Бүркітбаев әрбір кафедраға жеке-жеке тоқталып, мүмкіндігінше баяндамасында толық ақпарат берді. Аталған көрсеткіштер бойынша филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультеті жоғары деңгейде тұр. Бұл рейтингтік жүйе жұмысы келесі ректорат мәжілісінде жалғасын табады. Сол арқылы рейтинг жүйесінің оқу жылының бірінші жартыжылдығына қорытынды жасалады.
Мәжілісте келесі тыңдалған мәселе ақпараттық технологиялар департаментінің директоры Ж. Мамыкованың университет тарапынан барлық факультеттерге сыйға берілген интерактивті тақтамен қалай жұмыс істеу керектігін түсіндіріп, ҚазҰУ қалашығының бүгінде жаппай бейнебақылау камераларымен жабықталған орындарымен таныстыруы болды. Сонымен қатар, интерактивті тақтамен рейтингтік жүйенің автоматтандырылуы туралы жасалып жатқан жобалармен таныстырды. Байқағанымыздай, университетте ақпараттық, заманауи технологиялармен жабдықталу жағы белсенді түрде дамып келеді.
«Парасат» кәсіподағының төрағасы Т. Мекебаев ҚазҰУ қызметкерлеріне арналған баспанамен қамтамасыз ету негізінде жасалып жатқан жұмыстарды, дәлірек айтсақ, БТА банкі мен университет арасында тұрғын үймен қамтамасыз етудегі ипотекалық несиелендірудің тиімді ұсыныстарды баяндады.
Ректорат мәжілісінде дәстүрге айналған қуанышты хабармен бөлісу болса, бүгінгі жиналыс қонағы болған «Қазақ радиосының» Бас директоры Мақат Садық ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтановқа атқарылған әріптестік үшін алғыс хатын тапсырды. Және университет профессоры Л. Ахметоваға Елбасы Жарлығымен «Құрмет Ордені» мен Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы аясында берілген «20 жылдық» төсбелгісі салтанатты түрде тапсырылды.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі