Ғылыми кеңесте қысқы сессия барысы талқыланды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ғылыми кеңесінде 2022-2023 оқу жылындағы қысқы емтихан сессиясының барысы талданды.
Алдымен оқу орнының Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Фатима Жақыпованың баяндамасы тыңдалды.
«Оқу жылының басында департамент қызметкерлері қысқы сессияға дайындық бойынша ауқымды жұмыс жүргізді. Атап айтқанда, жазбаша емтихандарды өткізу кезінде цифрлық технологиялар мен жауап парақтарының жаңа форматтары енгізілді. Білім алушылар үшін форматты көрсете отырып, емтихандарды өткізу бағдарламалары «Univer» жүйесінде алдын ала орналастырылды. Әртүрлі нысандағы емтихандарды қабылдау үшін IT-платформада жүктемелер біркелкі бөлінді. Кафедралар мен факультеттер деңгейінде сараптамалар мен емтихан тапсырмаларын жүктеу жүргізілді. Пәндер бойынша емтихан жұмыстарының бірегейлігінің шекті деңгейі айқындалды және емтихан сессиясын өткізу кезінде оқытушы-профессорлар құрамына ақпараттық, әдістемелік және техникалық қолдау көрсетілді», – деді проректор.
Сонымен қатар қорытынды бақылаудың оңтайлы тәсілін таңдау кезінде АҚШ (MIT, NYU, NCSU, UW), Сингапур (NUS), Еуропаның (University of Amsterdam) жетекші университеттерінің тәжірибесі зерделенді.
2022-2023 оқу жылындағы қысқы сессия емтихандар саны – 11 163 құрайды.Емтихан тапсырушылар контингентінің жалпы саны – 23 440, оның ішінде 19 732 – бакалаврлар (84%) болса, магистранттар – 3368 (14%), докторанттар – 340 (2%) адам.
Сондай-ақ қысқы сессияны өткізуге байланысты қаулы жобасы шығарылып, емтихан барысын бақылау ситуациялық басқару орталығына жүктелді. Академиялық мәселелер жөніндегі департамент қысқы емтихан сессиясының қорытындыларына талдау жүргізеді және жазғы емтихан сессиясына емтихан тапсырмаларының әзірленуін және сапасын арттыруды қамтамасыз етеді. IT-инфрақұрылымды дамытуды қамтамасыз ету департаментіне емтихан сессиясы кезеңінде ақпараттық жүйелерді пайдалану бойынша үздіксіз жұмыс пен қажетті техникалық қолдауды қамтамасыз ету міндеттелді.
Бұдан бөлек, жиын барысында ҚазҰУ-дың философия және саясаттану факультетінің магистранттары – Татьяна Ячковская мен Жәмила Мұратқа Әулие Охрид Клемент атындағы София университетімен қос дипломды білім беру бағдарламасы бойынша дипломдар табыс етілді.
Сонымен қатар Басқарма Төрағасы – Ректор жанынан консультативтік кеңес құру туралы мәселелер және университет ғалымдарының жариялауға арналған монографияларының ұсыныстары қаралды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі