ҚазҰУ-да шығыстану мен түркітанудың өзекті мәселелері талқыланды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде көрнекті ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Ислам Жеменейдің 70 жылдығына арналған «Шығыстану және түркітану ғылымдарының өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-әдістемелік конференция өтті. Оған Қазақстандағы Шығыс елдерінің Елшілік өкілдері, ҚР ҰҒА академиктері, отандық және шетелдік зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының ғалымдары қатысты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев ғалымды ұжым атынан мерейлі жасымен құттықтады.
«Сіз еліміздегі шығыстану саласын жаңа бағытта зерттеп, ислам әлеміне ортақ ғылыми еңбектер жаздыңыз. Іргелі зерттеулер жүргізіп, мазмұнды монографиялар, оқулықтар мен оқу құралдарын құрастырып, өзіндік ғылыми мектеп қалыптастырдыңыз. Бүгінде университеттегі «Тұран-Иран» ғылыми-зерттеу орталығының директоры ретінде түркі дүниесіндегі әдебиет, мәдениет мәселелерін терең талдауда ауқымды жобаларды іске асырып отырсыз», – дей келе, ректор Ислам Жеменейдің ғылымдағы дара жолы жастарға үлгі-өнеге екенін атап өтті.
Жиын барысында университет тарапынан Ислам Ақмұратұлына «Ерен еңбегі» үшін төсбелгісі және Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану Институты тарапынан «Шығыстану ғылымына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі табысталды.
Конференцияға Алматыдағы ИИР-ның Бас консулы Мохсен Фагани, ИИР-ның Алматыдағы мәдени орталығының төрағасы Мәжит Алигар, Өзбекстан Республикасынан «Бабыр» атындағы қоғамдық қордың төрағасының орынбасары Рустам Мамасолиев, Наманган инженерлік технологиялық институтының ректоры, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Әділжан Мәмәркәримов, сонымен қатар ҚР ҰҒА академиктері, отандық зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының басшылары мен ғалымдары баяндама жасады.Мамандар шығыстану мен түркітанудың өзекті мәселелерін талқылап,тәжірибелерімен бөлісті.
Конференцияның модераторы филология ғылымдарының докторы, профессор Қансейіт Әбдезұлы болды. Конференция аясында профессор Ислам Жеменейдің Зәһиреддин Мұхаммед Бабыр «Бабырнама» және парсы тілінде жазған «Тарих-и-Рашиди» еңбегіне аналитикалық талдау атты кітаптарының салтанатты тұсаукесер рәсімі өтті.
Ислам Жеменей – ҚР Мәдениет қайраткері, «Pen сlub» Халықаралық жазушылар Одағы мен Қазақстан жазушылар Одағының мүшесі, Түркияда басылып шыққан «Guncel sanat» журналының Қазақстандағы өкілі, Иран Ислам Республикасының «Фирдауси» ғылыми-зерттеу қоры алқасының мүшесі, Өзбекстан Республикасының «Захиреддин Мұхаммед Бабыр» ғылыми-зерттеу қорының Қазақстандағы өкілі.
Ислам Ақмұратұлы Иранда, түркі елдерінде жоғары білім алған. Қазақстандағы ғылыми-педагогикалық қызметін ҚазҰУ-да бастады және бүгінгі күнге дейін шығыстану саласында ғылыммен айналысуда. Әр кезеңде Қожа-Ахмет Ясауи қазақ-түрік университетінде, М. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде, М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында жұмыс істеді.
Баяндамашылар сондай-ақ, бүгінгі таңда қайраткердің терең ізденістері мен еңбектері Халықаралық ғылыми қоғамдастықтың жоғары бағасына ие болғанын атап өтті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі