16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні!
Құрметті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушы-профессорлары, қызметкерлері және студенттер!
Сіздерді Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұжымы және өз атымнан Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Тәуелсіздік күні – халқымыз үшін баға жетпес, қасиетті мереке.
Бұл – азаттықты аңсаған бабалар аманаты, елдігіміздің тұғыры, мызғымас мемлекеттігіміздің айқын белгісі.
Мемлекет басшысы биылғы халыққа Жолдауында «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» қалыптастыру бағыттарын айқындап берді.
20 қарашада қазақстандықтар кезектен тыс өткен Президент сайлауына белсене қатысты.
Сайлауда қазақстандықтар еліміздің болашағы мен тұрақтылығы үшін дауыс беріп, жаңа, әділетті Қазақстан үшін өз таңдауларын жасады.
Сайлауда Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халықтың басым дауысына ие болып, сөзсіз жеңіске жетті.
Бұл – өз болашағына сеніммен қарайтын елдің жеңісі болды.
Осынау тарихи кезеңде Тәуелсіз мемлекетіміз үлкен саяси өзгерістерге қадам басты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды тұғырнамасында белгіленген міндеттерді іске асыру – ең алдымен бүкіл халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған саяси жауапкершілік.
Біз осы мақсатта күш біріктіріп, ел болашағы үшін жүйелі жұмыстарды атқаруға тиіспіз.
Әділ мемлекет қалыптастырып, жаңа Қазақстан құру – барша қазақстандықтардың алдында тұрған тарихи міндет.
Жаңа әлемдегі Жаңа Қазақтанды бәсекеге қабілетті жастар, өз кәсібін жетік меңгерген кәсіби мамандар, білікті ғалымдар ғана қалыптастыра алады.
Біздің басты мақсатымыз – жастарға сапалы білім беру, білікті ғылыми кадрларды даярлау, мемлекет дамуына қызмет ететін бәсекеге қабілетті мамандарды тәрбиелеу.
Тәуелсіз мемлекетімізді өркендетуге үлес қосып, ғылым-білімді дамыту бәрімізге ортақ міндет.
Сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға құт-береке, еңбектеріңізге табыс тілеймін!
Ел іргесі бүтін, Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болсын!
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универсиетінің
Басқарма Төрағасы-Ректор
Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ