«Жас қазақ» Ұлттық апталық

20 қаңтар, 2012

ҚазҰУ-дың жаңа шыңы

QS World University Rankings агенттігі (Ұлыбритания) әлемдік жетекші жоғары оқу орындарының кәсіби түлектер даярлауы негізінде жұмыс берушілер арасында сауалнама жүргізді. Аталмыш зерттеу мәліметі бойынша, ҚазҰУ әлемнің 700 жетекші университеті арасында 300-350 топқа еніп, 2011 жылғы көрсеткішті 100 сатыға көтерді.

QS рейтингінде Жұмыс берушілердің түлектер кәсібилігіне қанағаттануы ең маңызды көрсеткіштердің бірегейі болып табылатындығын ескерте кеткен жөн.

Зерттеу барысында сауалнамаға «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.», «ҚазМҰнайГаз», «Қазатомпром», «Ақтөбемұнайгаз», «Қазақмыс», «Самрұқ-Қазына», «Даму» қоры, «Инновациялық қор», «Kazyna Capital Management», «Microsoft Қазақстан», «Ел Арна», «Хабар», «Қазақстан Халық банкі», «Қазақстан ипотекалық компаниясы», «KPMG», «ҒЗИ», Областық білім беру басқармалары және т.б. ірі ұйымдар мен компаниялардың өкілдері қатысты.

Сауалнама қорытындысынан белгілі болғандай, Жұмыс берушілердің басым көпшілігі (75%) ҚазҰУ студенттерінің теориялық, тәжірибелік және кәсіби дайындығын жоғары бағалайды.

Университет бірінші рет QS халықаралық рейтингіне 2009 жылы қатысып, 601-650 сатыны иеленді. 2011 жылы ҚазҰУ 200 сатыға секіріс жасап, әлемдік топ-университеттердің 401-450 қатарына енді.

QS рейтингісін жүргізуде оқу мекемесінің: академиялық қоғамдастықтағы беделі және жұмыс берушілер арасындағы әлеуеті, түлектердің жұмысқа орналасу пайызы мен мерзімі, бұқаралық ақпарат құралдарында көрінуі және насихатталу жиілігі, ғылыми-педагогикалық қызметкерлер мен тыңдаушылардың жалпы санындағы шетелдік оқытушылар мен студенттердің үлесі, студенттер саны мен оқытушы-профессорлар құрамының арасалмағы және т.б. көрсеткіштер негізге алынады.

Назерке НҰРЛАНҚЫЗЫ