ҚазҰУ ректоры Қазақстандағы CNPC Бас директоры Ли Юнхунмен кездесті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Қазақстандағы CNPC Бас директоры Ли Юнхунмен кездесті. Жүздесуде тараптар ауқымды жобаларды бірлесіп жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
Құрметті мейманды ыстық ықыласпен қарсы алған білім ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ-дың жетістіктері мен алдағы жоспарлары туралы баяндады. Сонымен қатар өз сөзінде ректор оқу орнын әлемдік зерттеу университетіне трансформациялау бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті.
«Өз қызметін ғылым мен инновацияға негіздеген ҚазҰУ биыл QS халықаралық рейтингінде әлемнің үздік университеттері арасында 150-орынға көтерілді. Біздің университет өзінің ғылыми және білім беру қызметін табысты жалғастыруда. Тек ұлттық ауқымда ғана емес, сонымен қатар халықаралық деңгейде зияткерлік әлеуетін көрсетуде. Университет ғалымдары отандық ғылымды дамытуда өз үлестерін қосуда. Білім ордамызда 100-ден астам инновациялық жоба дайындалды. Сонымен қатар ҚазҰУ-да Samsung, Hewlett-Packard, Cisco, Коnіса Minolta, Fujitsu, Alcatel, Microsoft, «Касперский зертханасы», Huawei және т.б. жоғары технологиялық компаниялардың сертификаттау орталықтары, институттары мен академиялары табысты жұмыс істейді», – деді Жансейіт Түймебаев.
Өз кезегінде Қазақстандағы CNPC Бас директоры Ли Юнхун жылы қабылдағаны үшін Жансейіт Түймебаевқа ризашылығын білдіріп, ҚазҰУ-дың жетістіктерін жоғары бағалады.
Айта кету керек, Қытай ұлттық мұнай-газ корпорациясы (China National Petroleum Corporation – CNPC) Қазақстанның ең ірі стратегиялық серіктестерінің бірі.
Кездесу соңында тараптар естелік сыйлықтармен алмасып, алдағы уақытта ауқымды жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға уағдаласты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі