Өткенге таразы, ертеңге дайындық

24 қаңтар, 2012

23 қаңтардағы ректорат мәжілісі жағымды жаңалықпен, шәкіртақы тағайындаумен басталды. «Қазақстандағы Интернационал Қытай ұлттық мұнай компаниясы» атты ЖШС шығыстану факультеті студенттеріне арнайы шәкіртақы тағайындады. Шәкіртақы шығыстану факультеті қытай тілі кафедрасының студенттері Перизат Сәменова және Ырыскүл Атымтайға берілді.


Сонымен қатар, ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов, «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің проректоры Керім Шәмшіддин, философия және саясаттану факультетінің деканы Әлия Масалимова арасында үшжақты келісім-шартқа қол қойылды.

Күн тәртібінде индикативтік жоспардың ғылыми-инновациялық бөлігінің бірінші жартыжылдықта орындалуы жөнінде ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Тілекқабыл Рамазанов баяндама жасады. Баяндама барысында әрбір факультет пен кафедраларға тоқталып, индикативті жоспардың жалпы көрсеткіштер тізбегін келтірді. Сонымен бірге «ҚазҰУ ғылыми-технологиялық технопаркі» инфроқұрылымының қызметі мен атқарар міндеттері туралы ақпар берілді.

Абай ғылыми-зерттеу институтының жұмысы жөнінде институт директоры Жанқара Дәдебаевтың ақпары тыңдалды. 2009-2011 жылдар аралығындағы жасалған жұмыстар мен алдағы атқарылар міндеттермен хабардар етті. Сондай-ақ, экономика және бизнес жоғары мектебінің есеп және аудит кафедрасы жанынан тәжірибелік бухгалтерлер дайындау орталығын ашу ұсынысы және әдебиет пен өнер саласы бойынша ҚР Мемлекеттік сыйлығын алу үшін ҚР Парламент Сенатының депутаты, ф.ғ.д., профессор, академик Ғарифолла Есімнің «Социализм – күнә мен кінә туралы роман» еңбегін ұсыну бір ауыздан ректорат мүшелері тарапынан қолдау тапты.

Бұл кезекті жиналыста екі хабарландыру жасалды. Олар «Тазалық апталығы» байқауын өткізу туралы «Парасат» университет қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Талғат Мекебаев пен 27-28 қаңтар аралығында өтетін 42-інші «Оқу барысын жақсартудағы инновация мен оқыту сапасын жақсарту сұрақтары» тақырыбындағы ғылыми-тәжірибелік конференциясы туралы және 24 қаңтардан бастап әр факультетте ашық есік күндері басталатындығы туралы оқу ісі жөніндегі проректор Гүлнәр Балақаеваның хабарлары. «Конференция информатика кафедрасының ашылғанына 10 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр», - дейді Г. Балақаева. «Тазалық апталығы» байқауы бес аталым бойынша жүргізіліп, нәтижесі наурызда жарияланады.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі