Өндірістік тәжірибенің берері көп
Қазақ ұлттық университеті соңғы төрт жыл ішінде «фармацевт-технолог», «фармацевт-провизор» мамандарын даярлауда. Оқу барысында университет қабырғасында алған теориялық білімді практикада өз көзімен көріп, тереңірек түсінуіне мүмкіндік беру үшін ҚазҰУ-дың химия және химиялық технология факультетінің «Фармацевтикалық өндіріс технологиясы» және медицина факультетінің «Фармация» мамандықтарының 2-3 курс студенттері «Фармацевтикалық өндірісті жобалау негіздері» атты пән аясында «Abdi Ibrahim Global Pharm» ЖШС-ның (Алматы облысы Іле ауданы) өндіріс орнына біркүндік іссапарға барды.
«Abdi Ibrahim» компаниясы 1912 жылы Түркияда құрылған. Үздіксіз даму арқасында әлемнің 35 елінде өз бөлімшелерін ашқан ірі дәрі-дәрмек өндірісі. 2002 жылдан бастап жергілікті «Глобал Фарм» компаниясымен бірлесіп AIGP өндірісі елімізде жұмыс істей бастады. Осыдан кейін бұл компания еліміздегі қатты дәрілік формалардың (таблетка және капсулалар) ең үздік өндірушілерінің бірі болды. Қазіргі уақытта қант диабетіне, туберкулезге, асқазан-ішек, гепатопротекторлық, антигистаминдік, құрысуға қарсы препараттарды өндіреді. Сонымен қатар көршілес елдерге экспорттайды.
Ұйымдастырылған іссапар барысында студенттер фармацевтикалық өндірісті жобалауда ғимараттардың GMP талаптарына сәйкестігімен, қоршаған ортаны қорғау, тазалық кластары бойынша жіктелуі, қоймаларды жобалау, бастапқы шикізаттан мақсатты өнім алуға дейінгі барлық өндірістік сатылармен толығымен танысты. Сондай-ақ өндіріс барысында шыққан өнімдердің Фармакопея талаптарына сәйкестігін бақылайтын аналитикалық және микробиологиялық зертханаларымен толықтай танысып, сандық, сапалық және физико-химиялық талдау әдістеріне қажет құрал-жабдықтар туралы толық мәлімет алды.
Болашақта оқуды практикамен ұштастыратын осындай іс-шаралар санын арттыру қажет екенін айтқымыз келеді.
Акбар ДӘУЛЕТБАЙ,
Елдана БАҚЫТЖАН,
химия және химиялық технология факультетінің оқытушылары