"Қазақпарат" Ұлттық ақпарат агенттігі

26 қаңтар, 2012

Алматыда ақпараттық технологиялар паркінде екінші инновациялық конвент өтуде

АЛМАТЫ. 26 қаңтар /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыда инновациялық форум аясында «Алатау ақпараттық технологиялар орталығы» ақпараттық технологиялар паркінде екінші инновациялық конвент өтіп жатыр.

Ол Алматы қаласының ғылыми әлеуетін және ғылым мен өндірістің өзара байланысын көрсетуге бағытталған. Конвент кезінде Алматы қаласының 2020 жылға дейінгі инновациялық даму жобасы талқыланбақ.

Бұл жобаны Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті жасаған. Жоғары оқу орнының ректоры Ғалым Мұтановтың айтуынша, Алматының инновациялық дамуда мүмкіндіктері өте зор. Қалада ғылыми-зерттеу институттары мен жетекші жоғары оқу орындары шоғырланған. Жобаның басты мақсаты - Алматының инновациялық тұрғыдан дамуы үшін ең озық технологияларды енгізу. Бұл шараға жоғары оқу орындарының басшылары, бизнестік қауымдастықтардың өкілдері, Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының аясында жүзеге асырылатын жобалардың бастамашылары мен кәсіпорын басшылары қатысуда.

Алқалы жиын кезінде сондай-ақ ең үздік инновациялық жоба, ең үздік жас ғалым, шетел технологияларын бейімдеу және инновациялық кәсіпорын аталымдары бойынша жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтеді деп жоспарлануда.