Ғылыми-әдістемелік семинар

13 қаңтар, 2023

Ғылыми-әдістемелік семинарды факультет деканы Б.Б. Мейрбаев жүргізді.

Семинардың алғашқы спикері «Исламтану » мамандығының 3 курс докторанты Орынбеков Нұрлан «Экстремизм мен терроризмнің алдын алудағы діни білімнің рөлі: қазақстандық тәжірибе» тақырыбында мазмұнды баяндама жасады. Тақырыптың өзектілігін айқындап, зерттеу бағытында жүргізілген эксперимент нәтижелерімен бөлісті. Жалпы зерттеу тақырыбында жарық көрген мақалалары туралы ақпарат беріп, көшірме үлгілерін ұсынды. Сондай-ақ, «Әлеуметтану» мамандығының докторанты Ноғайбаев Еркін диссертациялық жұмысының негізіндегі «Доступ к медицинским услугам трудовых мигрантов: сравнительный анализ состояния в Казахстане, России и США» тақырыбындағы баяндамасын ұсынды. Аталған тақырыптың өзегіндегі мәселе- мигранттарға көрсетілетін медициналық қөмекке қолжетімділік мәселесіне қатысты дискуссиясы орын алды. Философия мамандығының 3 курс докторанты Айман Кельдинова «Машhүр Жүсіп Көпейұлы философиясының қалыптасуының идеялық бастаулары мен мәдени алғышарттары» тақырыбында тұшымды баяндамада жасады. Тақырыптың құндылығы спикердің Машhүр Жүсіп Көпейұлының сирек кездесетін қолжазбаларымен жұмыс жасап, философиялық ой-пікірлеріне салыстырмалы талдау жасауында болды. Сонымен қатар, әлеуметтік желіде тараған түрлі өлең жолдарының түп нұсқасын ұсынды.

Ғылыми семинардың қорытынды спикері Ахмагамбетов Руслан Мұхамбеттқалиұлы «Қазақстанда жер дауын шешудің дәстүрлі жолдары мен заманауи технологиялары» тақырыбында баяндама жасады және қоғамға маңызды салмақты мәселелерді ортаға салды. Зерттеу нәтижелерінің көрсеткіштерін салыстырмалы талдау негізінде ұсынды. Руслан Ахмагамбетов докторантурада оқу жылдары барысында шыққан оқу құралдары мен әдістемелік нұсқаулық еңбектері тікелей зерттеп жүрген тақырып негіздемесіне арналғанын мәлімдеді және таныстырды.

Ғылыми іс-шара соңында факультет деканы Б. Б. Мейрбаев семинарды аяқтай келе іс-шараға қатысқан профессорлық-оқытушылар құрамына, белсенді қатысушыларға алғыс білдірді.