Жаңа міндеттер жүктелді

16 қаңтар, 2023

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ректорат отырысы өтті. Күн тәртібінде ⅠⅠ академиялық семестрге дайындық деңгейі қарастырылып, жаңа жылда атқарылуы тиіс жоспарлар талқыланды.

Жиынды Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев ашты. Университет басшысы ең алдымен оқу сапасын арттыруды атап өтіп, ұжым алдындағы негізгі міндеттерге тоқталды.

«Әрбір факультет, құрылым басшысы өткен жылды саралап, жаңа жылға жүйелі жоспар жасауы тиіс. Ғылымға ерекше көңіл бөлуіміз қажет. Үлкен холдинг, компаниялармен жұмысты жандандыру аса маңызды. Факультеттердегі белсенді өмір, ғылыми жаңалықтар мен әзірлемелер республикалық деңгейде насихатталуы керек», – деді ректор.

Жиын барысында Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Фатима Жақыпова оқу үдерісіне дайындық барысы жайлы баяндады. «Жаңа семестрге дайындық жан-жақты жүргізіліп, оқу-әдістемелік материалдар дер кезінде дайындалды. Бүгін ⅠⅠ семестр бойынша сабақ дәстүрлі форматта басталды. Білім алушылар демалыстан оралып, білім алуға кірісіп кетті. Теориялық білім беру 16 қаңтар мен 6 мамыр аралығында жүргізіледі», – деді проректор.

Сонымен қатар Фатима Надырқызы желтоқсан айында магистратура мен докторантураға қабылдау жүргізілгенін жеткізді. Нәтижесінде өткен жылмен салыстырғанда оқуға түсушілер саны магистратура бойынша екі есеге жуық артқан. Проректор докторантура бойынша да қызығушылық артып келе жатқанын алға тартты.

Сондай-ақ мәжілісте өзге де проректорлар сөз алып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Декандар факультеттің оқуға дайындығы жайлы есеп беріп, жай-күйін әңгімеледі.

Білім ордасының басшысы ректорат мүшелерінің ұсыныс-пікірлерін мұқият тыңдап, білім беру мен ғылымды дамыту, студенттерге жағдай жасау және қалашықты көркейтуге қатысты жаңа міндеттерді жүктеді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі