"Алаш айнасы" республикалық қоғамдық-саяси күнделікті газет
Білім сапасы қайтсе артады?
Алдағы жұма күні «Бiлiм беру қызметіндегі инновациялар және оқытудың сапасын арттыру мәселелері» атты 42-ші халықаралық ғылыми-әдістемелік конференция өз жұмысын бастайды.
Аталған ғылыми басқосу негізінен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білім беру үдерісіндегі оқытудың инновациялық әдістеріне және білім сапасын көтеруге арналатын болады. Оған 400-ден астам жоғары оқу орнынан жетекші ғалымдар мен педагогтер қатысады. Оның ішінде ТМД елдері мен Түркия, Испания, Жапония, АҚШ, Ұлыбритания сынды елдердің ғылыми-зерттеу орталықтары мен қорларының өкілдері бар.
Конференция барысы «Білім беру үдерісіндегі инновациялық әдістер, модульдік оқыту жағдайындағы СӨЖ, МӨЖ және ДӨЖ жаңа түрлері», «Оқу үдерісін оқулықтармен қамтамасыз ету, электрондық оқу құралдарын дайындау», «Өндіріс, білім беру және ғылым ықпалдастығы: академиялық ұтқырлық, жұмыс берушілер курсы, бәсекеге қабілетті мамандар дайындау», «Жалпы білім беру пәндері мен тілдерді үйретудің технологиялары» деген бағыттар бойынша жүргізілмек. Сонымен қатар «PhD-докторантурасы мен магистратурада білім беру бағдарламаларының жүзеге асырылуы – зерттеу университетінің жетекші қызметі» деген тақырыптағы дөңгелек үстел жиыны мен «Білім беру үдерісіндегі ақпараттық технологияның рөлі» деген пленаралық ғылыми-әдістемелік семинар ұйымдастырылмақ. Конференция материалы алдағы уақытта жеке ғылыми жинаққа топтастырылмақ.