ҚазҰУ мен Ақтеңіз университеті арасындағы серіктестік артады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Түркиядағы Ақтеңіз университетінің Денсаулық сақтау саласын басқару ісі кафедрасының меңгерушісі Мұстафа Чобанмен және профессор Ферхат Сарыбекпен кездесті. Жүздесу барысында тараптар серіктестікті одан әрі арттыру және ауқымды жобаларды бірлесіп атқару бойынша мәселелерді талқылады.
Құрметті меймандарды университет басшысы Жансейіт Түймебаев ыстық ықыласпен қарсы алып, ҚазҰУ-дың Түркиядағы жоғары оқу орындарымен бірлесіп жұмыс жүргізудегі тәжірибесімен бөлісті.
ҚазҰУ Түркия ЖОО-ларымен 45 келісімшартқа қол қойған. Әріптестік аясында бүгінде түрлі білім беру бағдарламалары мен ғылыми-инновациялық жобалар табысты жүзеге асырылуда. Соңғы екі жылда Түркиядан 20-дан астам сарапшы дәріс оқуға және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге арнайы шақырылды. Сонымен қатар, өз сөзінде ректор өткен жылдың желтоқсан айында ҚазҰУ-дың 50 оқытушы-професоры мен қызметкері Ақтеңіз университетінде тағылымдамадан өткенін атап өтті.
«Ақтеңіз университеті – Түркиядағы озық жоғары оқу орындарының бірі. Түркияда академиялық зерттеулер негізінде жазылған ғылыми мақалалар бойынша Ақтеңіз университеті үздік бестіккке кіреді. Сондай-ақ, білім ордасы медицина саласында ауқымды жетістіктерге ие. Қос университет арасындағы қарым-қатынас күннен-күнге дамып келеді. Мәселен, 2022 жылдың желтоқсан айында ҚазҰУ-дың 50 қызметкері Ақтеңіз университетіне арнайы барып, тағылымдамадан өткен болатын. Бір аптаға созылған курс барысында оқытушылар түрік жоғары білім беру жүйесімен етене танысып, оқу үдерісін ұйымдастыру бойынша тәжірибе алмасты. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ», – деді Жансейіт Түймебаев.
Өз кезегінде Ақтеңіз университетінің Денсаулық сақтау саласын басқару ісі кафедрасының меңгерушісі, профессор Мұстафа Чобан жылы қабылдағаны үшін білім ордасының басшысына ризашылығын білдірді.
«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – Қазақстанның жетекші университеті. Бүгінгі кездесу университеттер арасындағы ынтымақтастықтың жаңа нәтижелі кезеңіне жол ашады деп сенемін. Алдағы уақытта ғылым саласын дамыту мақсатында ортақ ғылыми жобаларды жүзеге асыру қажет деп санаймын», – деді Мұстафа Чобан.
Құрметті меймандардың ұсынысын тыңдаған Жансейіт Түймебаев аталған бастаманы қолдайтынын жеткізді.
Кездесу соңында қос тарап естелік сыйлықтармен алмасты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі