ҚАЗҰУ СТУДЕНТТЕРІ КҮН ЭНЕРГИЯСЫН ӨНДІРУДІ АРТТЫРАТЫН СТАРТАП ӘЗІРЛЕДІ

21 қаңтар, 2023

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері күн энергиясын өндіруді бақылауға арналған VOLT бағдарламалық жүйесін әзірледі. Бірегей стартап жоба күннен алынатын энергияны арттыруға бағытталған.

VOLT бағдарламасы панельдерді күн энергиясының түсуіне қарай оңтайлы орналастыруға бағыттайды. GPS технологиясы қолданылатын бұл жүйе әлемдегі бүгінгі энергетикалық дағдарыс қаупі жағдайында аса өзекті.

«Біздің өнертабысымыз кез келген жерде күн сәулесі түсетін көтерілу бұрышы бар деген қағидаға негізделген. Біз осы стартаптың сұранысқа ие болатынын анықтадық. Өткен жылдың желтоқсан айында Қазақстанның энергетикалық жүйесінде тұтынудың айтарлықтай өсуі байқалды. 2022 жылы 7 желтоқсанда ел тарихында тұтынудың абсолютті өлшемі 16 459 мегаватт тіркелді. Ал елдің электр станцияларының жиынтық генерациясы тек 15 203 мегаватт, яғни тапшылық ресейлік электр жүйесінің жоспардан тыс ағындары есебінен өтелді. Қазақстандықтар энергияны дүние жүзіндегі орташа деңгейден екі есе және Еуропалық одақ елдеріндегіден әлдеқайда көп тұтынады», – дейді жоба авторларының бірі, Экономика және бизнес жоғары мектебінің 3-курс студенті Асан Әбдірахым.

Жобаны жүзеге асырудан күтілетін нәтиже – күн көзінен күні бойы максималды энергия алу. Ал жаһандық миссиясы – еліміз бен әлемнің таза жасыл энергияға көшу үдерісін жеделдету. Қазіргі уақытта бағдарламалық жүйе тәжірибелік күн панельдерінде сыналуда.

Жас ғалымдар осы жобаға қосымша биыл жел генераторының параметрлерін қарастыруға мүмкіндік беретін компьютерлік модель құруды жоспарлап отыр. Мұндағы мақсат – турбиналардың қуат коэффициентін арттыру. Бұл компанияларға бағдарламалық кешенді виртуалды зертхана құру үшін пайдалануға жол ашады.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі