Қазақстан Республикасының қарулы күштеріндегі психологиялық жұмыстың перспективалары және жетілдіру жолдары

18 қаңтар, 2023

Философия және саясаттану факультетінің деканы, философия ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Б.Б. Мейірбаев бүгінгі күні Жоғары оқу орындарын басқарудың жаңашылдық бағыттары бойынша ой бөлісті. Басқару жүйесінің құрылымына қатысты заманауи талаптардың қажеттілігі, педагогикалық кадрлардың әдістемелік индикаторларын белгілеу, сапа көрсеткішін үздіксіз бақылау, ғылым мен білімді жетілдіретін инновациялық инфрақұрылымды құру мәселелерін алға тартты.

Педагогика және білім берудегі менеджмент кафедрасының профессоры, педагогика ғылымдарының докторы А.А. Булатбаева әскери қызметкерлерін дайындаудағы «Білім қоғамы» тұжырымдамасын ұсынып, талдау жасады. Тұжырымдама мазмұнында түптеп келгенде еліміздің Қарулы Күштерін кәсіби, жауынгерлік дайындығы жақсы, біліктілігі жоғары, сауатты кадрлармен толықтыру мәселелерін шешуге септігін тигізетін жолдарын белгіледі. Конференция қатысушылары тақырып аясында сөзталқыға қатысып, тұжырымдаманы толықтыруға ықпал ететін өзекті факторларды атап өтті.

«Әскери қолданбалы психологияны дамытудың перспективалары» тақырыбында   психология ғылымдарының кандидаты, жалпы және қолданбалы психология кафедрасының доценті М.П.Кабакова мазмұнды баяндамасын ұсынып, сөз сөйледі. Жалпы әскери оқу орындарында қолданбалы психологияның қажеттілігі, кәсіби саламен сабақтастығын алға тарта отырып, даму перспективаларын бағамдады.

Педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты А.М. Текесбаева екі оқу орны арасындағы пәнаралық зерттеулерді, ғылыми іс-шараларды ұйымдастыру, жас зерттеушілерді ғылыми тағылымдамадан өткізу, бірлескен жобаларды іске асыру және ғылыми зертханалар ашу мүмкіндерін атап, стратегиялық жоспарды баян етті.  

Ғылыми іс-шараның нәтижесінде Қорғаныс ведомствосы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия және саясаттану факультетімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия және саясаттану факультетінің басшысы Б. Б. Мейрбаев мырзаға, профессорлар құрамына Қазақстан Республикасы Қорғаныс Министрлігінің Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаменті атынан серіктестік қызметтері үшін ықылас білдіріп, АЛҒЫС ХАТПЕН марапаттады.