ҚазҰУ-да «Медиа-менеджер» кітабының тұсаукесері өтті

23 қаңтар, 2023

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақ телевизиясының 65 жылдығына арналған «Телевизиялық менеджмент: тәжірибе және ғылыми көзқарас» атты республикалық ғылыми-әдістемелік конференция өтті.

Шараға ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев, профессор, Қазақстан Журналистер академиясының президентi Сағымбай Қозыбаев, филология ғылымының докторы, профессор Намазалы Омашев, белгілі тележурналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, медиа-менеджер Нұржан Жалауқызы, қоғам қайраткері Марат Тоқашбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайнар Олжай, газет және журналдардың бас редакторлары мен телеарна директорлары, танымал тележурналистер, білім ордасының оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттері қатысты.

Конференцияны Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев құттықтау сөзбен ашты. Өз сөзінде ректор барша журналистерді Қазақ телевизиясының 65 жылдық мерейтойымен құттықтады. Сондай-ақ журналистерді дайындауда ҚазҰУ өзіндік мектебі қалыптасқан, ұлттық журналистиканың ұстаханасы екенін жеткізді.

«Биыл Қазақ телевизиясына 65 жыл толып отыр. Телевизия мамандары мемлекет пен көрермен алдындағы қызметін абыроймен атқарып келеді. Осы салада еңбек етіп жүргендердің басым бөлігі ҚазҰУ түлектері. Ұлылар іргесін қалаған бұл факультетті бітіру, елге танымал азамат болу – екінің бірінің маңдайына жазылмаған бақыт. Қазақ телевизиясының қалыптасуына үлес қосқан тұлғалардың қатарында Қанапия Мұстафин, Совет Мазғұтовты ерекше атап өтуге болады. Сондай-ақ Қазақ телевизиясын әр жылдары басқарған Шерхан Мұртаза, Камал Смайылов, Сағат Әшімбаев, Нұртілеу Иманғалиұлы сынды қайраткерлер ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің түлектері», – деді университет басшысы.

Сөз соңында Жансейіт Түймебаев қазақ журналистикасы әлемдік ақпарат кеңістігінде биік белестерді бағындыра беруіне тілектестік білдіріп, конференция жұмысына табыс тіледі.

Шара аясында Нұржан Жалауқызының «Медиа-менеджер» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Автор бұл жинақты студенттік аудиторияға арнап жазғанын жеткізді.

«Медиа-менеджер» атты кітабым менің соңғы жиырма жылдан астам уақыттағы менеджерлік қызметімде берген сұхбаттарымның топтамасынан тұрады. Туындымда мен көпжылдық тәжірибеммен бөлісемін. Кітапты оқыған кез келген студент «Отандық журналистика қалай дамыды? Бүгінге дейін қандай қазақтілді бағдарламалар жасалды? Оларды жүзеге асырудағы мақсат қандай?» деген сұрақтарға жауап ала алады. Бұл кітап журналистика факультетінің студенттері үшін қосымша оқу құралы болады деп ойлаймын. Сондықтан бүгінгі шараны ұйымдастырып, жинақтың тұсаукесерін өткізгені үшін университет басшылығына және ұжымына алғысымды білдіремін», – деді Нұржан Жалауқызы.

Сонымен қатар конференция барысында профессор, Қазақстан Журналистер академиясының президентi Сағымбай Қозыбаев, филология ғылымының докторы, профессор Намазалы Омашев, қоғам қайраткері, ардагер журналист Марат Тоқашбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайнар Олжай, филология ғылымының кандидаты Молдахан Абдраев, филология ғылымының кандидаты, профессор Клара Қабылғазина баяндама жасап, Қазақ телевизиясының тарихы мен жетістіктеріне тоқталды.

Өз баяндамасында қоғам қайраткері Марат Тоқашбаев: «Мықты идеяларды рейтингтік жобаларға айналдыру бүгінгі телеиндустрияның проблемасы болып отыр. Телевизиялық менеджер теленарықтың сұраныстарына жауап беретін тұлға болуы тиіс. Яғни сауатты телевизиялық менеджер – түрлі жетістіктің кілті. Менеджер мықты болғанымен, оған үш ұстаным негіз қажет. Олар: БАҚ туралы демократиялық заң, бұқараға бағытталған саясат және заманауи техника», – деді.

Сондай-ақ жиын барысында Қазақ телевизиясының тарихы мен оны дамытудың негізгі мәселелері де кеңінен талқыға салынды.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі