ҚазҰУ-де 42-шi Халықаралық ғылыми-әдiстемелiк конференциясы өтті

30 қаңтар, 2012

2012 жылдың 27-28 қаңтарында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білім беру үдерісіндегі оқытудың инновациялық әдістеріне және білім сапасын көтеруге арналған «Бiлiм беру қызметіндегі инновациялар және оқытудың сапасын арттыру мәселелері» 42-ші Халықаралық ғылыми-әдістемелік конференциясы өтті.

Пленарлық мәжіліс аясында әл-Фараби атындағы ҚаҰУ ректоры академик Ғ.М.Мұтановтың және Ұлыбритания ашық университетінің профессоры Бенжамин Местелдің (Benjamin Mestel, The Open University, Department Mathematics And Statistics, Senior Lecturer in Mathematics), Колумбия университетінің профессоры Рафис Абазовтың (Rafis Abazov, Columbia University, Earth Institute, Director of Global Classroom project), Цукуба университетінің профессоры Лесли Ткач-Кавасакидің (Leslie Tkach-Kawasaki, University of Tsukuba, Graduate School of Humanities and Social Sciences, Professor) баяндамалары on-line workshop түрінде оқылды.

Конференцияға 400 астам ЖОО-ның, алыс шетелдің (Испания, Жапония, Ұлыбритания, АҚШ, Түркия) және ТМД елдерінің ғылыми-зерттеу орталықтары мен қорларының өкілдері, сонымен қатар Ломоносов атындағы ММУ мен РХДУ және қазақстандық жетекші ғалымдар мен педагогтар қатысады.

Конференцияның жұмысы келесі бағыттар бойынша жүрді:

- Білім беру үдерісіндегі инновациялық әдістер, модульдік оқыту жағдайындағы СӨЖ,МӨЖ және ДӨЖ жаңа түрлері (модераторы - Ткаченко Игорь Михайлович, Вален политехникалық университеті, Испания);

- Оқу үдерісін оқулықтармен қамтамасыз ету, электрондық оқу құралдарын дайындау (модераторы - Тимоти Лоу, Ұлыбритания ашық университеті);

- Өндіріс, білім беру және ғылым ықпалдастығы: академиялық ұтқырлық, жұмыс берушілер курсы, бәсекеге қабілетті мамандар дайындау (модераторы – Тмошенко Виктор, ММУ, Ресей);

- Жалпы білім беру пәндері мен тілдерді үйретудің технологиялары (модераторы - Мехмет Арслан, Юнус Эмре Халықаралық ұйымы, Түркия, PhD)

Сонымен қатар конференция аясында «PhD-докторантурасы мен магистратурада білім беру бағдарламаларының жүзеге асырылуы - зерттеу университетінің жетекші қызметі»» дөңгелек үстелі (модераторы - Ин Майко, Халықаралық жапон қоры) мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің информатика кафедрасының 10 жылдығына арналған «Білім беру үдерісіндегі IT рөлі» пәнаралық ғылыми-әдістемелік семинардың жұмысы өтті (модераторы - Ахмед-Заки Дархан, информатика кафедрасының меңгерушісі, әл-Фараби атныдағы ҚазҰУ).