«Білімімді отандастарыммен бөліскім келеді»

27 қаңтар, 2023

Жапон жұрты жер-жаһанда технологиясы дамыған, ең алдыңғы қатарлы ел болғандықтан, әлемнің түкпір-түкпірінен ағылған жастар білім алуға қашанда құштар. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті шығыстану факультетінің 4-курс студенті Қайсар Берекеев те күншығыс елінде академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында тағылымдамадан өткен.

Студент 2021 жылдың жаз мезгілінде академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша MEXT (Білім, мәдениет, спорт, ғылым және технологиялар министрлігі) шәкіртақысының иегері атанып, Жапонияның әйгілі жоғары оқу орындарының бірі – Осака университетінде оқуға мүмкіндік алды.

– Осака жоғары оқу орнының жатақханасы қалашық маңында, жақын орналасқан. Шетелде жаңа жағдайларға ешбір қиналмастан тез бейімделіп кеттім. Әрине, шетелде оқудың көптеген артықшылықтары бар. Мысалы, көңілді уақыт өткізу, саяхаттау және т.б. Бірақ Жапонияға оқуға келуімнің басты мақсаты өз мамандығым бойынша академиялық білімімді тереңдету және одан әрі жетілдіру еді. Сабақтар барысында менде дәрістерде берілетін оқу материалдарын түсініп пайымдауда сәл қиындықтар туындады. Оның үстіне жапон тілінде баяндама мен эссе жазу мен үшін қиын да күрделі дүние болып шықты. Бұған дейін осы іспеттес жазбаша жұмыстарды жазуға толыққанды машықтанбағанымды және жеткілікті түрде уақыт бөлмегенімді түсіндім. Жапон тілінде зерттеу жұмысын жазу мен үшін оқу бағдарламасының ең қиын міндеті болғаны рас. Бір жыл бойы әртүрлі оқытушылар апта сайын екі сағат көлемінде уақыттарын бөліп, бізге зерттеу жұмысын сапалы да сауатты жазу үлгісін үйретіп, барынша жәрдемдесті. Зерттеу жұмысынан бөлек, біз «Жапон әдебиеті» немесе «Жапондықтардың діни наным-сенімдері» сияқты тақырыптар бойынша шағын жобалар жасап қорғадық. Айтпақшы, мен үшін жапон саясаты мен экономикасының ерекшеліктерін меңгеру айрықша қызықты әрі мазмұнды болды. Осака университетінде біз жапон тілі мен мәдениетін терең зерттеп қана қоймай, жан-жақтан келген студенттермен ұлттық ерекшеліктері және дәстүрлері туралы білім алмасу мүмкіндігіне ие болдық. Бұл жерде мен басқа адамдардың пікірін, көзқарасын және мәдениетін қабылдаудың және құрметтеудің ерекше маңыздылығын сезіндім, – деді ҚазҰУ студенті.

Оның айтуынша, жапон университетінде жинаған бұл тәжірибесі бакалавриаттағы оқуының ең құнды да маңызды бөлігі болған. «Болашаққа қойған мақсат-мұраттарың қандай?» деген сұрағымызға тұшымды жауап қатты.

– Оқуымды аяқтағаннан кейін қоғамға пайдалы болып, әлемдегі ең үздік жоғары оқу орындарының бірі – Осака университетінде алған білімім мен тәжірибемді отандастарыммен бөліскім келеді, – деді аты затына сай Қайсар.

Нұрбек НҰРЖАНҰЛЫ