ҚазҰУ студенттері мен оқытушылары Сенат депутатымен кездесті
2009 жылдың 9 ақпанында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың оқытушы-профессорлар ұжымы мен студенттері ҚР Парламент Сенатының депутаты Қуаныш Сұлтановпен кездесті.
ҚР Парламенті Сенатындағы халықаралық істер, қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қуаныш Сұлтановтың әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға тұңғыш келуі емес. Сенатор әлеуметтік-мәдени комитетті басқарған уақытында осыдан екі жыл бұрын туған университетіне келіп қайтқан еді. Студенттер осы жолы да халық қалаулысын жылы қабылдады.
Мұндай кездесулер екі жаққа да өзара тиімді: депутаттар Парламенттің жұмыс бабын қоғамның барлық өкілдеріне жеткізуге тырысса, университет аудиториясы халық қалаулыларынан Елбасының қарапайым азаматтардың, оның ішінде оқытушылар мен студенттердің, қажеттіліктерін өтеуге бағытталған мемлекеттік саясаты мен тапсырмалары қалай жүзеге асырып жатқандығын естігісі келеді. Кездесуге әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректоры Бақытжан Жұмағұлов, факультет декандары, ғалымдар мен студенттер қатысты.
ҚазҰУ ректоры Бақытжан Жұмағұлов алғысөзінде Қуаныш Сұлтановты қарашаңырағымыздан түлеп шыққан мақтан тұтатын дарынды азаматтардың бірі емес, бірігейі деп атады.
Қуаныш Сұлтанов арнайы баяндама жасап, өзі басқарып отырған халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің іс-қызметімен кеңінен таныстырды, жоғарғы палатаның қазіргі уақыттағы мақсат-міндеттері жайында айтып берді.
Студенттер мен оқытушылар қауымы сенатордың саяси қызметімен кеңінен таныс екендігін байқатып, көкейлеріндегі сұрақтарын қойды. Жиын еркін сұхбаттасу түрінде өтіп, қонақ барлық сауалдарға жауап берді.Студенттер Қуаныш Сұлтанұлы мемлекеттік деңгейдегі мәселелерді шешумен бірге туған университетін де назарынан тыс қалдырмайтындығына ризашылықтарын білдірді.
«Қазақ ұлттық университетінің қазақ қоғамын, қазақ халқының дүниетанымын қалыптастырудағы ролі орасан зор. Қазіргі ғылым мен техника саласындағы жетістіктер Қазақ ұлттық университетімен тығыз байланысты. Университет түлектерінің талайы бүгінде ел басқарып, мемлекетіміздің дамуына үлестерін қосып жүр. Қазақстанның Тәуелсіздігіне ең үлкен үлес қосқан екі құндылық бар деп есептеймін. Оның бірі Алаш қозғалысы болса, екіншісі - Қазақ ұлттық университеті», - деді депутат.
Кездесу барысында шығыстану факультетінің деканы Нұржамал Албадек пен филология факультетінің деканы Қансейіт Әбдезұлы қадірлі қонаққа жылы лебіздерін білдірді. Депутат Қуаныш Сұлтанов ҚазҰУ-дың бірден үш факультетінің түлегі болып саналады: ол журналистика факультетін тәмамдап, халықаралық қатынастар мен философия және саясаттану факультетінде ғылыми жолын жалғастырған.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі