Мәжілісте Жолдау қаралды

30 қаңтар, 2012

30 қаңтардағы ректорат мәжілісі ҚР Президенті Жолдауы аясында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың міндеттері жөнінде университет ректоры ҒалымМұтановтың баяндамасымен басталды. Ректор Елбасының атап айтқан әрбір басым бағыттарына кеңінен тоқталып, білім беруде жаңа бастамалар мен қадамдарды атады.


Осы уақытқа дейінгі жасалған университет жетістіктерін назарға алып, «ҚазҰУ кластері» жобасы бар, бұны іске асыруға тырысамыз, - дей келе, ректор: «барлық факультеттер мен кафедраларда студенттермен, департаменттерде қызметкерлермен Жолдау жан-жақты талқыланып, университетте қабылданған қаулыны қалыс қалдырмайық, ұжымымыз ынтымақты болсын», – деп атқарылған өзге де жетістіктерді тілге тиек етті. Осы тұста орын алған оң өзгерістер бар. Олар шығыстану, халықаралық қатынастар, философия және саясаттану факультеттерінің екінші семестрде оқу жұмысын жаңа ғимаратта бастап отыр. Жаңа ғимараттағы бірінші оқу күні туралы факультет декандарының хабарламалары жасалып, олар әлі де қажет деген ұсыныстарымен бөлісті.

Сонымен қатар, ректорат мүшелері тарих, археология және этнология факультетінің деканы Жәкен Таймағамбетовтың Оңтүстік Кореяға барған іс-сапары туралы есебін тыңдады. Ж.Таймағамбетов бұл сапарында Ханьян университетімен студенттер алмасу, ортақ археологиялық зерттеу жұмыстарын жасау, екіжақты диплом алу бағытында әріптестік орнату сияқты ұтымды ұсыныстар да ала келген екен. Ағымдағы жылдың мамыр айында бұл университет ҚазҰУ-ға екіжақты келісім-шартқа қол қоюға арнайы келеді деп жоспарланып отыр.

Механика және математика факультеті математикалық және компьютерлік пішіндеу кафедрасы үздік оқығаны үшін және қоғамдық жұмысқа белсенді қатысқаны үшін 3 курс студенті Олжас Жантасовқа, 4 курс студенті Самат Садвакасовқа шәкіртақы сертификаты берілді. Шәкіртақы беруші – ф.-м.ғ.к., кәсіпкер. Ол 1977 жылғы механика-математика факультетін бітірген түлек Болатбек Тәжібаев. 1семестрге негізделген шәкіртақының толық көлемі 50 мың теңгені құрайды. Сондай-ақ, Шығыс еуропалық құқық институты мен Регенсбург университеті «Орталық Азия елдеріндегі соттық талқылау» атты конференцияны өткізуді ұйымдастырып көмек көрсеткендері үшін заң факультетінің деканы Дәулет Байдельдинов пен қылмыстық-құқықтық, қылмыстық процесс және криминалистика кафедрасының меңгерушісі Рима Жансараеваға хат жолдап, алғыс білдіріпті.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі